Сарыағашта Италия алмасы өсіп келеді

«Бау егуді біз алғаш болып қолға алып отырмыз. Италиядан әкелген көшеттерді 15 гектар жерге ектік. Осы тұста біздің климатқа неғұрлым жақын келетіндерін таңдадық. Итальяндықтардың өздері келіп, көрді. Айтуларынша, біздің жер Италияға қарағанда құнарлы дейді. Енді, бұйыртса, күзде тағы 15 гектар жерге көшет егуді жоспарлап отырмыз»,- дейді «Ынтымақ - Бес арыс» ЖШС директоры Жомарт Әбдімаев. Сарыағаштық шаруалар келер жылдан бастап қомақты өнім жинайтындарына сенімді. Ағаштар нығайып жетілген соң, жеміс береді. Өскіндерді күтіп-баптау арнайы технология бойынша іске асады. Кәсіпкер алма бағын өз қаржысына өсіріп отыр. Әрбір гектардың шығыны орта есеппен 1 миллион екі жүз мың теңгеге жуықтайды. Жергілікті билік биыл қаржылай қолдау көрсетіп, мемлекеттік субсидияға қол жеткізуге уәде беріп отыр, деп хабарлайды otyrar.kz.