10:39, 10 Қазан 2013 | GMT +5
Сасқан әйел есірткі салынған контейнерді жұтып қоя жаздады
ТАЛДЫҚОРҒАН. 10 қазан. ҚазАқпарат - Алматы облысында Қапшағай маңында «Рубеж» жүйесінің бақылау бекетінде полицейлер есірткі тасымалдаушы әйелді ұстады. Ол тексеру барысында есірткісі бар контейнерді жұтып қоймақ болған.

Алматыдан Талдықорғанға бағыт алған «Сетра» автобусын тексеру кезінде иісшіл иттің назары жолаушы әйелдердің біріне түседі.
Сол мезетте целлофанға түйілген есірткіні жұтып қоймақ болған әйелді полицейлер дер кезінде тоқтатып үлгерді. Тәркіленген контейнерден жалпы салмағы 2 грамға жуық героин табылды. Ұсталған әйел бұған дейін үш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Оның екеуі есірткіге қатысты болған.
ҚР ҚК 259-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Қапшағай ішкі істер бөлімінің бақылауына алынды.