Сәт Тоқпақбаев 85 жаста

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларының ардагері Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев 85 жасқа толды.

Сәт
Фото: Ақорда

Сәт Бесімбайұлы 1939 жылы 17 қыркүйекте Алматы облысы Іле ауданының ҚазЦИК ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін заңгер мамандығы бойынша, КСРО МҚК №302 Минск мектебін, 1971 жылы КСРО СІМ Жоғары дипломатиялық мектебін тәмамдаған. Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Президент Күзет қызметінің бастығы, Республикалық гвардиянының қолбасшысы, Қорғаныс министрі сияқты лауазымды қызметтерді атқарған. Парламент Мәжілісі 4-шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде еліміздің заң шығару ісіне де елеулі үлес қосты. «Даңқ», «Барыс», І дәрежелі «Барыс» ордендерімен; көптеген медальмен марапатталып, 2 жыл қатарынан нақтырақ айтқанда. 2000-2001 жылдары «Жылдың әскери адамы» номинациясы бойынша Жыл адамы атанды. 

Сәт
Фото: Kazinform

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан еліміздегі ең жоғары Халық қаһарманы атағын алған Сәт Бесімбайұлының өмір жолына көз жүгірте келе туған күнінен қатысты қызықты дерекке тап болдық. Оны кейіпкердің өзі «Жаным садаға» деп аталатын ғұмырнамалық кітабында кеңінен жазады. 

Сәт
Фото: жеке мұрағатынан

«Мен сол 1939 жылдың 6 қыркүйегінде Алматы облысы Іле ауданынының КазЦик деген колхозында дүниеге келдім. КазЦик – Казахский центральный исполнительный комитет деген ұғымды білдіреді. ҚазССР-нің орталық атқару комитеті – қысқаша КазЦик деп аталатын ол кездері. Бұл ауыл Алматыдан 20-30 шақырым жерде орналасқан. Шүйкедей ғана егін салған, мал баққан шаруақор ауыл. Шындығында өмірге келген күнім 6 қыркүйек, ал құжаттарда 17 қыркүйек деп көрсетілген. Ол - қате, әрине. Себебі, оныншы сыныпта оқып жүрген кезімде жеке куәлік алайын деп алғаш берілген туу туралы куәлігімді іздестіріп едім, таба алмадым. Жоғалтып алыппын. Іле ауданының орталығына барып, ЗАГС органдарынан сұрасам, маған олар 17 қыркүйекте туғансың деп жазып берді. «Бұл қалай, мен алтысында туып едім ғой?» - деп сұрасам, аздап ішімдікке қызып алған кісі: «Әй, сен білесің бе, мен білем бе? Құжатыңды ал да жөнел», - деп қолыма қате құжатты ұстатып жіберді. Ол жерде әлгі масаң қызметкермен дауласып береке таппасымды түсіндім де қате толтырылған құжатты қолыма ұстаған күйі ауылыма кеттім. Айта кететін бір жайт – университетте оқып жүрген кезімде туу туралы куәлік қажет болып іздеп таппағаннан кейін тағы бардым. Бұл жолы барғанымда кеңседе мүлде басқа кісі отыр. Маған ЗАГС-тің құжатын тексеріп, 6 қыркүйекте туғансыз деп қолыма куәлік берді. Ал тіркеу 17 қыркүйекте болған екен. Осылайша туу туралы куәлігім бойынша 6 қыркүйекте дүниеге келгем, ал басқа құжаттардың барлығында 17 қыркүйекте туған деп жазылған», - деп еске алады Сәт Тоқпақбаев.

Қалай дегенде де, құжат бойынша бүгін - Тәуелсіз қазақ елінің ең көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің 85 жылдық мерейтойы. Кеше «Ақорда» резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сәт Тоқпақбаевқа Халық қаһарманы атағын беріп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордендерін салтанатты түрде табыс етті. 

Сәт
Фото: Ақорда

Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, Сәт Тоқпақбаевты қалың жұртшылық құрметтейтінін, оның еңбек жолы ел өмірімен тығыз байланысты болғанын айтты.

«Сіз қастерлі Отанымызға адал қызмет еттіңіз. Енді ғана тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған жылдары аса жауапты міндеттерді атқаруға білек сыбана кірісіп кеттіңіз. Еліміздің тыныштығы мен тұтастығын сақтау үшін орасан зор үлес қостыңыз. Шын мәнінде, мұны нағыз ерлік деп бағалауға болады. Қазір де қоғамға пайдалы істерді атқарып жүргеніңізді біз жақсы білеміз. Еліміздің лайықты азаматысыз», – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Сәт Тоқпақбаев мемлекетіміздің қауіпсіздігі және еліміздің тыныштығы жолындағы еңбегін бағалағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

«Әділетті Қазақстан құру ісіндегі зор еңбегіңізді және сүйікті Отанымызды халыққа жайлы елге айналдыру мақсатында жүзеге асырып жатқан саясатыңызды толығымен қолдаймын. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында Сізбен әрдайым біргемін! Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын! Отанымызда тыныштық, бірлік, ауызбіршілік әрдайым салтанат құрсын», – деді Халық қаһарманы.

Сәт Бесімбайұлы 1993-1995 жылдары ҰҚК төрағасы болғанында Кеңес одағы кезінде, 1929-1930, 1935-1936, 1937, 1938, одан кейінгі жылдарға ұласқан сталиндік зұлматтың қанды қылышына ұшырап, оққа байланып опат болып кеткен аяулы азаматтарымызды архив деректерін іздеу жұмысына үлкен үлес қосты. Сол жылдары академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевты, Жовтисті, тағы басқа «Мемориал» қоғамының мүшелерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіне Мемлекет басшысының рұқсатымен кіргізді. Нәтижесінде 1996 жылы «Азалы кітап» деп аталатын жинақтың бірінші томы жарық көрді. 

Сәт
Фото: жеке мұрағатынан

Сәт Тоқпақбаев 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы орын алған кезде қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген-ді. 2020 жылдың маусым айында агенттігіміздің таспасында жарық көрген сұхбатында ол сол бір қиын-қыстау кезеңнің бізге беймәлім тұстарын да айтып берген болатын. 

Сәт
Фото: жеке мұрағатынан

«1986 жылғы желтоқсан және 1987 жылғы қаңтар айларында Алматы қаласы және Алматы облыстық басқармасына 1 мыңнан астам сигнал келіп түсті. Осының бәрін қалт жібермей қадалып отырып, тексеріп шықтық. Әрбірінде көрсетілген деректі мұқият тексеріп, ақ-қарасына көз жеткізіп, ақиқатын ашу кезінде бірде-бір кісінің обалына қалған жайымыз жоқ. Менің тарапымнан еш адамның үстінен қылмыстық іс қозғалмады. Бір жылда осындай 1056 сигналды тексеріппіз. Барлығына да ұлтшылдық жоқ деген қорытынды шығардым. Ұлтшыл болу үшін бір адамға зиян келтіретіндей әрекет жасалуы керек. Ұлтшыл болу үшін бір адамға зиян келтіретіндей әрекет жасалуы керек. Соны анықтаймыз, өмірбаянын түгел бастан-аяқ қарап шығамыз. Түсіндіре кетейін, мәселен бір адамды ұлтшыл деп айыптау үшін оның басқа ұлтқа, не сол ұлттың өкілдеріне қарсы істеген қылмысы анықталуы керек. Ең алдымен халыққа зияны бар бүлік шығаратын кісі ме, соны тексеріп қараймын. Бәрін дәлелдеп болған соң шұғыл шара тергеушілері қорытынды жазады. Сол қорытындыларды мен бекітетінмін. Сол жылдары қалалық және облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басқармасы Байзақов көшесінде болды. Ал Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Дзержинский көшесінде орналасқан еді. Артынан естідім, жауапты орындар мен мәскеулік әріптестер бірігіп, Республикалық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ғимаратына менің қолым тиген мыңнан аса сигналдардың құжаттарын апарып, қайта қарап, сараптап тексеріпті. Алайда заңға қайшы іліп алар ештеңе таппаған. Шамам жеткенше тек әділдік жолында жұмыс істедім. Таза жүрдім. Жоғарыдағы тексерістер оны дәлелдеді», - деген еді Сәт Бесімбайұлы.

Соңғы жаңалықтар