Сәтбаев атындағы каналды жаңғыртуға 12 млрд теңге бөлінді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Каналдың жабдықтары 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді және қазіргі таңда техникалық әрі моральдық тұрғыдан ескірген. Бүгінде бір сорғы стансасында жаңарту жұмыстары басталды. 

Сәтбаев атындағы каналды жаңғыртуға 12 млрд теңге бөлінді
Фото: «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы

Мәжіліс депутаттары Нұржан Әшімбетов, Вера Ким және Жарқынбек Амантай жұмыс сапары аясында Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың № 2 сорғы стансасындағы электрмеханикалық жабдықтарды жаңғырту барысымен танысты.

Сәтбаев атындағы каналды жаңғыртуға 12 млрд теңге бөлінді
Фото: «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы

«Қазсушар» РМК «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалының бас инженері Максим Эммерихтің айтуынша, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жол картасы шеңберінде энергетикалық және гидромеханикалық жабдықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Каналдың жабдықтары 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді және қазіргі таңда техникалық әрі моральдық тұрғыдан ескірген. № 1 сорғы стансасын жаңарту жұмыстары басталды. Сонымен қатар биыл бес жаңа сорғы агрегатын жеткізу үшін «Уралгидромаш» АҚ-мен келісімшарт жасалған. Жалпы, 2028 жылға дейін 19 гидрожабдықты ауыстыру жоспарланған.

— Қаныш Сәтбаев атындағы канал — Орталық Қазақстан үшін негізгі су арнасы. Ол Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарына қарасты қалалар мен ірі елді мекендерді, Астана қаласының кәсіпорындарын сумен қамтамасыз етеді. Шынымен де бірегей әрі стратегиялық маңызы бар нысан. Алайда ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан маңызды мәселе бар, жабдықтардың 90 пайыздан астамы тозған. Ал кейбір сорғы агрегаттарын шұғыл ауыстыру қажет. Мысалы биыл және келер жылы жалпы құны шамамен 11 миллиард теңге болатын бес сорғы агрегатын ауыстыру жоспарланған. Қаражаттың бір бөлігі бөлінді, алайда бұл жеткіліксіз. Тағы 14 сорғы үшін қосымша қаржы қажет, - деді депутат Вера Ким.

Сәтбаев атындағы каналды жаңғыртуға 12 млрд теңге бөлінді
Фото: «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы

Нұржан Әшімбетов бұған дейін жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасыз болғанын атап өтті. 2023 жылы № 2 сорғы стансасында ірі апат болып, электрмен жабдықтау толық тоқтаған. Аталған оқиға жабдықтардың мейлінше тозғанын дәлелдеп, шұғыл жаңғыртудың қажеттілігін байқатқан еді.

— Павлодар және Қарағанды облыстарынан сайланған сегізінші шақырылым депутаттарының бастамасымен бұл мәселе республикалық деңгейде көтерілді. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, - деді ол.

Сәтбаев атындағы каналды жаңғыртуға 12 млрд теңге бөлінді
Фото: «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы

Жарқынбек Амантайдың айтуынша, канал суын ірі өндірістік кәсіпорындар да пайдаланып отыр. Болашақта осы арна арқылы Астанаға да су жеткізіліп, елордадағы су тапшылығы мәселесін шешуге жол ашады.

Сәтбаев атындағы каналды жаңғыртуға 12 млрд теңге бөлінді
Фото: «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы
Сәтбаев атындағы каналды жаңғыртуға 12 млрд теңге бөлінді
Фото: «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы

Бұған дейін Үкіметте Сәтбаев каналынан Астанаға дейін су құбырын салу жобасы талқыланғаны туралы жазғанбыз. 

Ал өткен жылы Су ресурстары және ирригация министрі Сәтбаев атындағы канал 5 жылда толық жаңғыртылатынын айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар