Сәтбаев қаласында зейнеткерді өлтірді деген күдікпен жұмыссыз жүрген екі жігіт ұсталды
Бұл туралы бүгін облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сәтбаев қаласында 74 жастағы зейнеткерді балтамен өлтіріп кеткен болатын. Оның мәйіті өз үйінде 2 қараша күні табылды. «Адам өлтіру» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шараларының барысында 9 қараша күні полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен 17 және 18 жастағы жұмыс істемейтін екі жас баланы қолға түсірді», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Полицияның болжамы бойынша, олар зейнеткердің үйіне терезеден кіріп, ас үйде тұрған балтамен ұйықтап жатқан қарт адамды басынан бірнеше рет ұрған. Үйде ақша таппаған олар зейнеткердің ұялы телефонын алып, сатып жібермек болған», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Полиция қызметкерлерінің қырағылығы арқасында, күдіктілер анықталып, ұялы телефонды сатпастан бұрын қолға түсті.
«Күдіктілер уақытша қамау изоляторына жабылды. Ұялы телефон тәркіленіп, тергеу жалғасуда», - деп атап көрсетілген хабарламада.