Сәтбаев университетінің ғалымдары әмбебап шағын су электр станциясын жасады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында Сәтбаев университетінің ғалымдары құрастырған шағын су электр станциясы сынақтан өтті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.

Сәтбаев университетінің ғалымдары әмбебап шағын су электр станциясын жасады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қондырғы жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен уран өндіретін кәсіпорынға орнатылды. Станция тот баспайтын болаттан жасалған және толықтай герметикалық, коррозияға төзімді қаптамамен қорғалған. Ол ерітінді жүретін құбырға тікелей орнатылады да, ағын қозғалысынан электр энергиясын өндіреді, тіпті агрессивті ортада да жұмыс істей алады.

Бір станция ағын жылдамдығы мен құбырдағы сұйық көлеміне қарай сағатына 7 кВт-қа дейін электр өндіре алады. Оны өнеркәсіп орындарында ғана емес, шаруа қожалықтарында, туристік базаларда, сондай-ақ өзен немесе өндірістік ағыны бар шалғай ауылдарда да қолдануға болады.

– Біз энергияны күтпеген жерден – өнеркәсіптік құбырлардан өндірудің жолын таптық. Бұл қолданбалы ғылымның басты міндеті: шығынды ресурсқа айналдыру, – дейді жобаға қатысушы, қауымдастырылған профессор Руслан Өтебаев.

Электр өндіруден бөлек қондырғы құбырдағы зиянды дірілді азайтып, жабдықтың қызмет мерзімін ұзартады және қауіпсіздігін арттырады. Станцияны орнату үшін бөлек ғимарат немесе күрделі инфрақұрылым қажет емес, бұл оны электр желісіне қосылу мүмкіндігі шектеулі аймақтар үшін аса тиімді етеді.

Әмбебап шағын су электр станциясы – ғалымдардың ғылым мен өндірісті ұштастыра отырып, нақты экономикалық пайда әкелетін инженерлік шешімдер жасай алатынын дәлелдейтін мысал.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі берілді.

Соңғы жаңалықтар