Саты ауылындағы жер дауы: әкімдік тексеру жұмыстарын бастады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Кеген ауданының әкімдігі Көлсай көлдерінің етегінде орналасқан Саты ауылындағы жер дауына қатысты пікір білдірді.

Аудан әкімдігінен мәлім еткендей, жергілікті тұрғындардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы учаскелердің үшінші тұлғаға заңсыз берілуі туралы шағымдары негізінде прокуратура Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 146-бабына сәйкес тексеру жүргізіп жатыр.
— Даулы жер телімдеріне қатысты материалдар Алматы облысының жер қатынастары басқармасына жолданды. Тексеру нәтижелері бойынша түпкілікті шешім қабылданады, — деп жауап берді әкімдіктен Kazinform агенттігінің сауалына.
Сондай-ақ, Кеген ауданының жер қатынастары және сәулет, қала құрылысы бөлімдері аталған жер телімдеріне түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Саты ауылы мен оның маңындағы жер мәселелерін реттеу Жер кодексінің 43, 44 және 48-баптарына сәйкес жүзеге асырылады. Ауылдың бас жоспары әлі бекітілмегендіктен, жерлердің нысаналы мақсатын өзгерту уақытша шектелген.
Әкімдіктің хабарлауынша, осы жылдың соңына дейін жерге орналастыру құжаттамасын әзірлеу және жаңарту жұмыстары аяқталып, бас жоспарға өзгерістер енгізіледі. Жоспар бекітілгеннен кейін азаматтар көтерген өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешіле бастайды.
Осыған дейін Алматы облысы Көлсай көлдерінің етегінде орналасқан Саты ауылында жерге қатысты дау шыққан болатын. Жергілікті тұрғындар ауылдың бұрынғы басшылығын жер телімдерін заңсыз сатқан деп айыптап отыр.
Еске салайық, 2023 жылы Алматы облысының Саты ауылы халықаралық деңгейде ең үздік туристік ауыл ретінде танылып, беделді «Best Tourism Villages by UNWTO» сыйлығымен марапатталды.
Сондай-ақ өңірде туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында қандай жобалар қолға алынғаны туралы жазған едік.