Сатып алу саласындағы 3,5 трлн теңгенің 1,9 трлн теңгесі ғана қазақстандық өндірушілерге бұйырған
Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумында сатып алу саласында импорттың үлесі азаймай тұрғанын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Мемлекет басшысы біздің алдымызға 3 жыл ішінде қазақстандық мазмұнды 60%-ке дейін жеткізу бойынша нақты міндет қойды. Ол үшін қажетті әлеует пен ресурстар бар. Бұл, ең алдымен импортқа тәуелділікті төмендетуді талап етеді. Импорт үлесі әлі де 46%-ті құрап отыр. Мәселен, мұнай-газ саласында сатып алулардың ең үлкен үлесі 3 ірі консорциумға тиесілі. Бұл – бүкіл энергетика саласындағы сатып алулардың 75%-ы. Жыл басынан бері сатып алулардың көлемі 3,5 трлн теңгені құрады, оның 1,9 трлн теңгесі жергілікті мазмұны үлесіне беріліп отыр», - деді ол.
Оның сөзінше, тау-кен секторында сатып алынатын отандық тауарлардың үлесі – 15%, машина жасауда – 13,5%, фармацевтикада – 20% ғана.
«Бәйтерек» холдингі жыл басынан бері бизнеске 2,2 трлн теңгенің көлемінде қаржылық қолдау көрсетті. Соның ішінде, Қазақстан даму банкі арқылы 314 млрд теңге бөлінді. Өнеркәсіпті дамыту қоры жалпы құны 195 млрд теңгеден асатын жобаларды қаржыландырды. Қосымша 300 млрд теңгенің жобалары бойынша жұмыс жалғасуда. «Даму» қоры арқылы 115 млрд теңгеге тікелей несиелер берілді және бөлінген субсидиялар мен кепілдіктердің арқасында банктер бизнеске 930 млрд теңгеден астам несие берді», - деді Әлихан Смайылов.