15:26, 03 Қазан 2011 | GMT +5
Сатиралық театр өнерінде жаңалық, батылдық жоқ- Көпен Әмірбек
АЛМАТЫ. 3 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгінгі бағдарламаның ең жақсы жағы пішіндік жағынан жаңаланған. Оны белгілі сатирик Көпен Әмірбек кеше "Алматы" концерт залында өткен Ақтөбе облыстық "Екі езу" эстрадалық миниаюра театрының есеп беру концерті кезінде айтты.

"Мен "Екі езу" театры осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы Республика сарайында алғашқы кешін өткізген кезде ақ жол тілеп, батамды бергем. Одан кейін Ақтөбеге 2 рет барып, облыстық әкімшілік пен мәдениет басқармасына жаңадан құрылған өнер ордасына қолдау көрсетіңіздер деп өтініш жасадым. Олардың кейбір концерттеріне де қатыстым. Бүгінгі бағдарлама заманға сай жасалған. Жалғыз кемшілігі жұртты күлдіріп-күлдіріп келеді де соңғы жағында ылғи да ойландыруға құрған. Сол жерін басқаша қылу керек еді", - деді Көпен Әмірбек. Әйгілі сатира саңлағының айтуынша, қазір еліміздегі сатиралық театр өнерінде жаңалық, батылдық жоқ. Қоғамның дамуын не тежеп жатқанын айтпайды.