«Сәтті жұлдыз» лотереясының өкілі: Біз әлі таза табысқа шыға алмай отырмыз
АСТАНА. KAZINFORM – «Сәтті жұлдыз» лотерея операторының өкілі Шынболат Пазыл орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде компанияның таза табысы қанша екенін айтудан жалтарды.

БАҚ өкілінің сұрағына әуелі Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев жауап берді.
«Жаңа мен айтып өттім, айналымы 356 млрд теңге болды. Бірақ ол айналымды табыс деп айтуға болмайды. Неге десеңіздер, осы айналымның 85 пайызы жүлде қорына қалыптастыруға жолданған болатын. Екіншіден, оның ішінен 5 млрд теңгеден астам салық төленген. Оның ішінде „Қазақстан халқына“ қоғамдық қорына 5 млрд теңге жолданды. Одан бөлек Спорт қорына да 5 млрд теңгеден астам қаражат берілген», — деді вице-министр.
«Сәтті жұлдыз» лотерея операторының өкілі Шынболат Пазыл бұл жауапты толықтырғандай болды.
«Сәтті жұлдыз» ұлттық лотерея компаниясының 2023 жылы жалпы айналымы 356 млрд теңгеден асты. Оның ішінде жеңімпаздарға төленген сома — 305 млрд теңге. Енді бұл жерде қалған ақша билеттердің өндірісіне кетеді, қызметкерлерге төленетін ақша бар. Одан бөлек «Қазақстан халқына» қорына таза табыстан 10 пайыз тоқсан сайын аударып отырамыз. Спорт қорына 10 пайыз аудару да - біздің міндетіміз. 5 млрд теңге салық төленгені айтылды. Бұл жерде көпшілік түсінбей жатады. Оператордың айналымы таза табысы емес. Қолымда соңғы дерек бар. Ұлттық оператор құрылған күннен бастап 2023 жылдың алты айын қоса алғанда 16,5 млрд теңге инвестиция құйылған. Сол 2023 жылдың 6 айын қоса алғандағы дерек бойынша компания әлі таза табысқа шықпаған. Инвесторлар әлі 4,5 млрд теңгесін қайтарып алған жоқ. Бұл — ресми ақпарат», — деді ұлттық оператор өкілі.