Саттар Ерубаевтың 100 жылдығына орай республикалық жыр мүшәйрасы жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістан қаласының әкімшілігі ақын, публицист-жазушы Саттар Ерубаевтың 100 жылдық мерейтойына орай, «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты республикалық жыр мүшәйрасын өткізеді.
None
None

Жазба ақындардың республикалық жыр мүшәйрасы 2014 жылдың 10 қазанында Түркістан қаласының халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында өтеді. Мүшәйраны өткізудегі мақсат - ақын-жазушының рухын тербетіп, халқының бақыты жолына арнаған өмірі мен шығармашылығын насихаттау, тіл мәдениетін көтеру, халық арасынан шыққан ерекше дарынды жастарды табу болып отыр. Мүшәйраға 18-35 жас аралығындағы ақындар қатыса алады. Ол үшін жазба ақындар бұрын еш жерде жарияланбаған екі өлеңін жіберуі керек. Мүшәйра ережесі бойынша бірінші өлең С.Ерубаевқа арнау, екіншісі Түркістан туралы болуы шарт. Жас ақындар өлеңдерін А4 форматты қағазда компьютерде теріп, 2 дана етіп ұйымдастырушыларға ұсынады. Шығармалар 8 шумақтан аспауы керек. Үміткерлердің шығармаларын қазылар алқасы анықтап, жүлдегерлерді анықтайды. Бағалау талаптары бойынша жеңімпаздар арнайы қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орын (біреу) үшін 300 мың теңге, екінші орын (біреу) үшін 200 мың теңге, үшінші орынға (екеу) -150 мың теңге көлемінде сыйлық тағайындалды. Үміткерлер шығармаларын 2014 жылдың 22 қыркүйегіне дейін құжаттарын мына мекенжайға жібере алады: ОҚО, Түркістан қаласы, Есімхан алаңы, №1 Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық мәдениет үйі, байланыс телефондары: 4-21-81, факс 4-21-67, [email protected]. Сонымен қатар мынадай құжаттарын тапсыруы талап етіледі: өтініші, шығармашылық мінездемесі, жеке куәлігінің көшірмесі, 9х14 көлеміндегі түрлі-түсті фотосуреті, шығармалары (2 дана). Қасиетті Түркістан топырағынан сыр шертіп, артына өшпес із қалдырған, жалындап өткен жас ғұмыр Саттар Ерубаев туралы жырлағыңыз келсе, мүшәйраға қатысқаныңыз абзал. Іріктеуден өткен шығармалар байқауға қатыстырылып, арнайы кітапшаға енгізіліп, баспадан шығады, деп хабарлайды Әдебиет порталы.

Соңғы жаңалықтар