Сатушы бар, алушы жоқ: Көкшетауда жылжымайтын мүлік нарығы дағдарысқа ұшырады

Көкшетауда жылжымайтын мүлік нарығы қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Шарықтап тұрған жаңа пәтердің бағасы мен айлықтың өзге өңірлермен салыстырғанда төмен болуынан баспанаға мұқтаж көп тұрғынның ипотекаға қолы жетпей отыр. Осының салдарынан жылжымайтын мүлік агенттіктері мен риэлторлардың базары тарқап отырған жайы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

пәтер
Фото: ҚазАқпарат

Көкшетауда сатуға қойылған пәтерлердің неше түрі бар. Оның ішінде құны жүздеген миллионнан асатын элиталық баспана мен бюджеттік эконом-класс пәтерлерді де кездестіруге болады.

Біріне косметикалық, енді біріне дизайнерлік жөндеу жұмысы жүргізілген, сондай-ақ жиһазы барын да, жоғын да таба аласыз.

үй
Фото: Аслан Оспанов/ҚазАқпарат

Көкшетауда пәтер саудасымен айналысатын ондаған жылжымайтын мүлік агенттігі бар.

Салада жиырма жылға жуық тәжірибесі бар Анна Брашконың мәліметінше, бүгінгі таңда жаңадан салынған тұрғын үйдегі пәтердің әр шаршы метрі — орта есеппен 250-280 мың теңге. 

«Жаңа пәтердің бағасы аумағына және орналасқан ауданына байланысты, қаланың шеткі аудандарынан гөрі, әрине орталығында пәтер бағасы қымбаттау. Мәселен, жаңа пәтерлердің ауданы 1 бөлмелі — 35-42 шаршы метр, 2 бөлмелі — 45-70 шаршы метр, 3 бөлмелі — 68-120 шаршы метр шамасында. Осыны орташа 250-280 мың теңгеге көбейтініңіз. Бірақ сатып алушылар жаңа пәтердің ішкі әрілеу жұмыстары үшін қосымша ақша салуы керек болады. Оған қоса, құрылыс материалдарының құнын қосыңыз. Ал екінші нарықтағы пәтерлерге келетін болсақ, 1 бөлмелі — 10-13 миллион теңге, 2 бөлмелі — 12-14 миллион теңге, 3 бөлмелі — 15-19 миллион теңге, 4 бөлмелі — 17-24 миллион теңгенің шамасында», — дейді риэлтор.

үй
үй
Фото: Аслан Оспанов/ҚазАқпарат

Маманның айтуынша, пәтер иелері баспанасын нарық бағасынан 2-3 миллион, тіпті 5 миллион теңгеге қымбатқа сатқысы келеді. Мұндай пәтерлер жылдар бойы саудада тұрады, сатылмайды.

Бұл жерде ескі пәтерлерді екінші деңгейлі банктер кепілге алуға асықпайтын көрінеді.

«Қайткен күндеде пәтер сатып алушының банктен берілетін белгілі бір сомадан бөлек үстіне қосатын өзінің жинаған жеке ақшасы және жоғары айлығы болуы керек. Ал, Көкшетауда анау айтқандай жоғары айлық алатын жұмыс орындары жоқ. Бұған қоса, ішетін тамағың, киетін киімің бар. Екінші деңгейлі банктер ескі үйлерге ипотека рәсімдей бермейді. Сол себепті көбі қалтасына қарап, жаңа немесе бертінде салынған бір-екі бөлмелі арзан пәтермен шектеледі. Осының барлығы жылжымайтын мүлік нарығына кері әсерін тигізіп отыр», — деп түсіндірді риэлтор.

Мамандар атап өткендей, қазіргі кезде облыс орталығындағы жылжымайтын мүлік нарығының базары бір сөзбен айтқанда тарқап отырған жайы бар.

«Бүгін маған тек сатушылар мен нотариустар ғана қоңырау шалады. Сатып алушылар тарапынан мүлдем қоңырау жоқ. Хабарласқанның өзінде 7-8 миллион теңгеге дейінгі баспана қарастыруды сұрайды. Қазір мұндай баға жоқ. Соңғы жарты жылда бір ғана пәтер сатылды. Оның өзі жоғары қабаттағы ескі пәтер, банктер ипотека рәсімдеуден бас тартқан соң, иесіне қолма-қол ақшаға 7 миллион теңгеге сатуға тура келді. Ал, жаңа үйлердегі пәтерлер көбі салынып бітпей жатып сатылып кетеді, яғни құрылыс компаниялары үлескерлермен жұмыс істеуге тырысады», — дейді Арман есімді риэлтор.

Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінгі күні Көкшетау қаласында төрт санат бойынша 9 614 адам пәтер кезегінде тұр. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр.

Ақмола облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасының мәліметінше, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында бес жылдың ішінде облыста 2,8 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 24,4 мың баспана пайдалануға берілді.

Халықтың әлеуметтік осал топтары мен жергілікті органдарда кезекте тұрғандар үшін 2 020 жалға берілетін және 844 кредиттік пәтер салынды.

Электр және сумен жабдықтаудың инженерлік желілерімен жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2 132 жер учаскесі және Бурабай ауданында 938 жер учаскесі сумен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген.

Ал, 2023 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 8 жалға берілетін көппәтерлі тұрғын үйді немесе 306 пәтерді, 7 кредиттік тұрғын үйді немесе 380 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

Көшетау
Фото: Аслан Оспанов/ҚазАқпарат

 

Соңғы жаңалықтар