«Сатушы әжелер сергелдеңге түспейді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 23 қыркүйек, сәрсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қарағандыда айдың, күннің аманында жұрттың бәрін әбігерге салып, қыз жоғалып кетті. Он тоғызға енді келген, ай десе аузы, күн десе көзі бар ару қыз. Әуе­лі ата-анасы шарқ ұрып іздеді. Қыз та­был­маған соң амал жоқ, құқық қорғау органдарына барып, дабыл қаққан. Содан облыстың полицейлері әлгі қызды жабыла іздеді. Тіпті, суретін әлеуметтік желіге салып, жұрттан жақ­сы хабар күтті. Сөйтіп, сабылып жүргенде қыз да аман-есен табылды. Сөйтсе, шөп­желке сүйгенімен қол ұстасып, Шет ауданындағы ауылдардың біріне дәнеме деместен қашып кетіпті. Жұрт аяғынан таусылып, бір ай бойы іздеп жүргенде ол жігітінің құшағында махаббаттың ойынына масайрап жүріпті. «Қайтқан малда қайыр бар» деген, қыздың аман-есен табылғанына қуанған полиция қызметкерлері іздеуге қолұшын берген халайыққа алғыс айтты... Бұл материал «Қашқан қыз қайтып келді» деген тақырыппен берілген. Бас басылымда «Дағдарысты еңсеруге ел қуаты жетеді» атты мақала көпшілік назарына ұсынылды. Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Жаңа жаһандық экономикалық сын-қатерлер» тақырыбы талқыланған дөңгелек үстел өтті. Оған қазақстандық және шетелдік зерттеу орталықтарының сарапшылары, сондай-ақ, елордадағы жоғары оқу орын­дары­ның ғалымдары және де ҚСЗИ мен мемлекеттік мекемелердің жауапты қызметкерлері қатысты. Жиын барысында бір­қа­тар талқылаулардан кейін өзіндік пайымын жеткізген Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов әлемдік қаржылық дағдарыс еліміз үшін игілік бола алатындығын айтты. Оның сөзіне қарағанда, әлеуетті немесе қазіргі әлем­дік қаржылық дағдарыс жағ­дайында тағы бір қызықты аспект бар. Мемлекетіміз үшін тосын болса да, мұндай дағдарыстың оң жағы бар, тіпті, оны игілік деп те атауға болады. Өйткені, жаңа дағ­дарыс және дамыған елдердің қаржы нарығының күйреуі орын алған жағдайда бұл дамыған елдердің орталық банктерін, бірінші кезекте АҚШ Федеральды резервтік жүйесін барынша белсенді қи­мылдауға мәжбүрлейтін еді. Айтар болсақ, мұндай сце­нарий барысында Феде­ральды резервтік жүйе «сан­дық жұмсарту» деп аталатын соңғы бірнеше жыл бойы жүзеге асырып келе жатқан монетарлық ынталандыру бағ­дарламасын тағы іске қосуына тура келеді деп болжауға болады. Осы ретте ақша мұндай көлемде АҚШ-тың қаржылық жүйесіне түсетін болса, онда оның бір бөлігі алыпсатар арналар арқылы тауар нарығына құйы­лады. Осылайша, біздің мұ­найымыздың баға белгі­леуінің жоғарылауына түрткі бола алады.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Сенат депутаты көшеде орындыққа қойып, әртүрлі заттарды, жеміс-жидек, көкөніс, шырын-тосаптарын сататын әжелер мен аталарға арнап, жеке базар ашуды ұсынды. Жоғарғы палатаның Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында «сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша» ұлттық заңнаманы өзгертетін жаңа заң жобасы қаралып, осы жиында сенатор Талғатбек Абайділдин көшедегі бей-берекет сауда проблемасын көтерді.

Бүгінде ғаламторда флешмоб-акция жүруде. Оған қатысушылар көшедегі қарт адамдардың сатып тұрған заттарын керек болмаса да, сатып алуға шақырады. «Кеше келе жатып, қарапайым «қазотын» саудалаған әжейді көрдім. Арнайы бұры­лып, бірнеше талын сатып алдым. Маған мұндай гүлдің ешқандай қажеті жоқ еді, бірақ әжейдің көшеде қол жайып, қайыр сұрамай, адал еңбектен нәпақа табуға тырысқаны қатты ұнады. Адамдар, мен сіздерге де қазотының «керек екенін» ішім сезеді. Қайырымды болыңыздаршы!» деп жазады азаматтардың бірі. Шынында, қаржы табудың «ең оңай жолы» - қайыр сұрауға бармай, ыстыққа күйіп, суыққа төзіп, өз қолымен күтіп-бап­тап өсірген өсімдіктерін, жеміс-жидегін, тұздалған өнімдерін және басқа заттарын көшеде ұсынатын әже-аталарға сенаторлардың да аяушылығы оянған көрінеді. Өйткені оларды мүскін санап, тәртіп сақшылары «заңсыз саудасы» үшін қуып тастауға тырысады. Ал базарға барып, саудалауды қариялардың денсау­лығы да, қалтасы да көтермейді. - Астанада супермаркеттер жанында бей-берекет сауда жүреді. Бірақ онда тұратындар - ескі, бірақ таза киімді, етек-жеңі жинақы аталар мен әжелер, олар өз саяжайларынан жиғанын әкеп, сатуға қояды. Базарда орын алуға олардың мүм­кін­діктері жоқ, өйткені ақысы қымбат. Осы жаңа заңмен әлгіндей әжелерді жеке бөліп қарастыруға, оларға арнайы орын бөлуге болмас па? Сөйтіп, олар өз өнім­де­рін төмен бағамен сата алулары үшін ар­найы шағын базар жасауға болар еді. Мен, мысалы, базарға барғаннан, әлде­нені осы қариялардан сатып алғанды ұната­мын. Өнімдерінің бағасы да қымбат емес, - деді сенатор Талғатбек Абайділ­дин. Бұл жайында басылымдағы « Сатушы әжелер сергелдеңге түспейді» атты мақаладан толық оқи аласыздар.

Осы газетте «Әлемдегі әрбір жетінші адам - мигрант...» деген мақала жарияланды. Егер Сириядан және басқа да қанды қақтығыс ошақтарынан қашқан адамдар көшінің үлкен легі біздің жаққа бет қойса, Қазақстан олардың белгілі бір бөлігін қабылдауға әзір. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Б.Нұрымбетов мәлім етті. Осы күні Астанада «Босқындарды қорғау және халықаралық көші-қон жөніндегі Алматы процесі» бойынша жоғары лауазымды тұлғалардың екінші кездесуі өткен болатын. Онда босқындарды қорғау және солармен бірге ере жүретін қауіп-қатерлер жайы талқыланды.

Артынша журналистер вице-ми­нистр­ден Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға босқындар ағылса, мемлекеттің не іс­тейтінін сұрады. Тіпті Еуропа елдері де бұл мәселеде әрұдай болуда: бірі құшақ жая қарсы алса, енді бірі жаппай тұт­қындап, шекарасын тарс жабуда. - Босқындарға қатысты Қазақ­станда 2011 жылы арнайы заң қабылданған, - деді Б.Нұрым­бетов. - Сонда босқындардың, бассауға іздеген тұлғалардың мәр­тебесіне қатысты мәселелер егжей-тегжейлі реттелді. Елімізде БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі тұрақты өкілдігі жұмыс істейді. Егер әлдеқалай босқындардың үлкен легі елімізге ағылса, ол да заңнамада қарастырылған. Бұл ретте Төтенше жағдайларға байла­нысты шаралар іске асырылады. Егер қажет бола қалса, Қазақстан ха­лықаралық құқықта қарасты­рылған барлық ережелерді сақтай отырып, босқындардың белгілі бір легін қабылдайды. Оларды орна­ластыру, баспанамен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қолға алынады.

Соңғы жаңалықтар