Сауалнама: Қазақстандықтардың 82%-ы Президентке сенім білдіреді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың басым бөлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытын қолдайды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысында айтылды.

Президент халықпен бірге
Фото: Мәжіліс

Зерттеу 11 шілде мен 12 тамыз аралығында 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында өтті.

Сауалнамаға 18 жастан асқан 8 мың адам қатысты.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты
Фото: ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Нәтижелерге сәйкес, респонденттердің 82,4%-ы Президентке сенім білдіріп отыр. Ең жоғары көрсеткіш 18–29 жас аралығындағыларға тиесілі – 90,3%. Одан кейінгі орында 30–45 жастағылар (82,4%), 46–60 жас тобы (78,6%) және 61 жастан асқандар (77,8%).

Сауалнама ауыл тұрғындарының қолдауы қала халқына қарағанда сәл жоғары екенін көрсетті – тиісінше 84,9% және 80,9%.

Мамандықтарға бөлгенде, ең жоғары деңгейде қолдау білдіргендер – құқық қорғау органдарының қызметкерлері (96,9%). Сондай-ақ білім беру саласы өкілдері (89,6%), мемлекеттік қызметшілер (87,1%), ауыл шаруашылығы қызметкерлері (86,2%), денсаулық сақтау мамандары (84,5%), мәдениет пен өнер саласының өкілдері (85,9%) Президент саясатына қолдау көрсетіп отыр.

Институт мәліметінше, зерттеу қорытындысы ел арасында Мемлекет басшысына деген сенімнің тұрақты жоғары деңгейде сақталып отырғанын дәлелдеді. Бұл жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың азаматтар үшін тиімді екенін көрсетеді.

Айта кетейік, қазақстандықтардың 73%-ы еліміз дұрыс бағытта дамып жатыр деп санайды.

Соңғы жаңалықтар