Сауалнама: Қытай жаһандық қолдауда АҚШ-ты басып озды

АСТАНА. KAZINFORM –Америкалық Morning Consult коммерциялық зерттеу компаниясының деректеріне сәйкес, Қытайдың әлемдік деңгейдегі беделі оң көрсеткішке ауысса, АҚШ-тың беделі алғаш рет теріс мәнге түсті. Сарапшылар мұны АҚШ-тың қазіргі әкімшілігінің тарифтік саясатының салдары деп бағалап отыр. Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.

Алматыға Қытайдың Сиань қаласынан туристік пойыз келді
Фото: Александр Павский / Kazinform

Америкалық Axios жаңалықтар сайтының хабарлауынша, биыл мамыр айының соңына дейінгі мәліметтер бойынша Қытайдың жаһандық таза бедел индексі +8.8-ге жеткен, ал АҚШ-тікі 1.5 болды. 2024 жылдың қаңтарында АҚШ-тың бұл көрсеткіші +20-дан жоғары болған, ал Қытайдың көрсеткіші теріс мәнде тұрған еді.

Morning Consult бұл зерттеуді биыл 1 қаңтар мен 30 сәуір аралығында жүргізіп, 41 елде 4900-ден астам ересек адамнан сауалнама алған. Айта кету керек, АҚШ пен Қытайдың өз ішіндегі респонденттердің пікірі есепке алынбаған.

Зерттеу нәтижелері бойынша, 41 елдің ішінде 38 мемлекетте АҚШ-қа деген оң көзқарас төмендеген, ал 34 елде Қытайға деген оң көзқарас артқан. АҚШ-қа деген пікірдің жақсаруы тек Ресейде тіркелген, бұл көрсеткіш Дональд Трамптың 2025 жылғы қаңтарда президенттікке қайта оралуынан кейін өзгерген.

Зерттеу барысында 16 мемлекет «Қытайшыл» ұстанымға ауысқан. Осылайша, Қытайды қолдайтын елдер саны 29-ға жеткен. Олардың қатарында Норвегия, Нидерланд, Испания, Канада және Германия сияқты мемлекеттер бар. Бұған қоса, бұрыннан Қытайды қолдайтын кейбір елдерде бұл бағыттағы ұстаным тіпті күшейе түскен.

Қазіргі таңда «АҚШ-ты қолдайтын» елдер саны небәрі 13- болып отыр, олардың қатарында Аустралия, Үндістан, Жапония және Оңтүстік Корея бар. Дегенмен есепте бұл елдердің шамамен үштен бірінде АҚШ-қа деген көзқарастың тұрақсыз екені атап өтілген.

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ беделінің күрт төмендеуінің негізгі себебі – Трамп әкімшілігінің енгізген кедендік баж салығы саясаты.

Еске сала кетейік, 2 сәуірде Трамп бірқатар елге қарсы кедендік тарифтер енгізетінін жариялаған болатын. Кейіннен, алдағы 90 күнде жаңа баж салығын енгізуді тоқтата тұру туралы шешім қабылданып, базалық тариф мөлшерін 10% деңгейінде сақтау туралы мәлімдеген. 

Мамыр айының басында Швейцарияның Женева қаласында АҚШ пен Қытай арасында өткен келіссөздер барысында қос тарап 90 күндік өзара тарифтік жеңілдікке келісті. АҚШ тарапынан енгізілген кедендік алымдар 30%-ға дейін қысқартылса, Қытай да АҚШ-қа қарсы бұрын енгізілген 125%-дық салықты 10%-ға дейін төмендетуге келісті. 

Бұған дейін АҚШ Қытайдың кейбір тауарларына баж салығын 31 тамызға дейін тоқтатқанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар