Сауалнама: Ұлыбританияның басты жауы қай ел
АСТАНА. KAZINFORM — More in Common сараптамалық орталығының зерттеуіне сәйкес, британдықтар елдегі және әлемдегі тұрақсыздықты сезінеді.

Олар 2025 жылды «хаотикалық» және «қауіпті» уақыт ретінде қарастырады. Зерттеу Плимуттағы 2000 адам арасында және фокус-топта жүргізілген сауалнамаға негізделген.
Олардың көпшілігі Ұлыбритания өзінің халықаралық ықпалын жоғалта бастады деп есептейді (сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызы солай деді). Қытай, олардың ойынша, күшейіп келеді (67%). Сондай-ақ респонденттер АҚШ (50%) пен Ресейдің (39%) халықаралық аренада күшейіп келе жатқанына сенімді.
Сонымен қатар респонденттер Қытай мен Ресейді өз Отанының жауы деп санайды.
Респонденттердің 65 пайызы Ресейді Ұлыбританияның жауы деп атады, бұл аталған елдердің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Одан кейінгі орында Иран (51%) мен Қытай (33%) тұр.
Франция Еуропадағы ең жақын одақтас болып танылды. Зерттеушілер сәуір айынан бастап АҚШ-ты одақтас санайтындардың үлесі 7 пайызға өсіп, 50 пайызға жеткенін атап өтті.
Респонденттердің жартысынан көбі (54%) қақтығысқа қатысушы тараптар атысты тоқтатуға келіскен жағдайда британдық әскерлердің Украинадағы бітімгершілік миссиясына қатысуын қалайды. Сауалнамаға қатысқандар Ұлыбританияның Украинаға қазір қалай көмектесуі керектігі жөнінде екіге жарылды. 24 пайызы қару-жарақ жеткізуді, 17 пайызы гуманитарлық көмекті, 14 пайызы Ресейге қарсы санкцияларды, 6 пайызы украиндық босқындарды қабылдауды қолдаған.
Респонденттердің пікірінше, Ұлыбритания үшін негізгі қауіптер кибершабуылдар (24%), лаңкестік (15%), ядролық қақтығыс (14%), кәдімгі әскери қақтығыстар (12%) және «әсіресе оңшыл» терроризм (7%) болып табылады.
Еске сала кетейік, Ұлыбританияда жасөспірімдер 16 жастан бастап дауыс бере алады.