Сауатты инвестициялық саясат экономиканы әртараптандыру үшін мол мүмкіндік береді

;АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Қазақстан тәуелсіздіктен бері қарай өз экономикасы үшін тікелей инвестицияны тәуір тартты. Бірқатар деректерге қарағанда, бүгінгі күнге дейін елімізге тартылған инвестиция 107 млрд. долларды құрайды. Жан басына шаққан көрсеткіште бұл өте қомақты деңгейді білдіреді. Яғни, Қазақстан инвестиция мәселесінде табысты мемлекеттердің біріне айналып отыр.
None
None

Жалпы, дамушы мемлекеттер үшін бұндай тікелей инвестиция экономиканы дамытудың негізгі қозғалтқышы болып табылады. Сырттан инвестиция тарту мәселесі әсіресе дағдарыс жылдарында үлкен демеу болары сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, бірқатар сарапшылар жалпы Қазақстан экономикасына әлемдік қаржылық дағдарыс әсер еткенімен де, инвестициялық тартымдылығына соншалықты әсер етпеді деп пайымдайды. Керісінше, ТМД елдері аумағында инвестициялық тартымдылық құлдырай түскенде Орталық Азиядағы Қазақстанға біршама инвестициялық «тартулар» оңтайлы сәтте құйылды дегенге саятын пікірлер де баршылық. Шындығында, ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздің сыртқы қаражаттық қолдаулар үшін ұзақмерзімді инвестициялық тартымдылықты сақтап қалғанын аңғарамыз. Мәселен, 2009 жылғы қаңтар‑қараша айларындағы негізгі капиталға салынған инвестиция ауқымы 3897,1 млрд. теңгені құраған. Бұл 2008 жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 2,3 пайызға артық көрсеткіш болып табылады. Есепті кезеңде басқа да капиталдандыру жұмыстарына және шығындарға қатысты инвестициялық салымдардың 42,4 пайызға артып отырғаны да байқалған. Бұл ғаламдық дағдарыс жағдайындағы Қазақстан үшін аса жағымды көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Расында да, әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс кезеңінде шетелден инвестиция тарту, халықаралық қаржы құрылымдарымен табысты келісімге келу үлкен күшті талап ететіні сөзсіз. Шетелдік инвестицияның тиегі ел болашағының орнықты дамуына анық көз жеткізілгенде ғана ағылатыны, ол үшін ішкі тұрақтылықпен қоса, сол инвесторлар үшін жағымды климаттың аса қажет етілетіні айтпаса да түсінікті. Бұндай жағымдылық бойынша ТМД елдері ішінде Қазақстан дағдарыс кезеңінде көшбасшылық тізгінін ұстады десек артық емес. Мәселен, 2008 жылдың алты айымен салыстырғанда өткен 2009 жылдың алты айында тікелей шетелдік инвестициялардың төмендеу ауқымы Қазақстанда 18 пайызды құраған. Дегенмен, бұл төмендеу ТМД-ның басқа мемлекеттері ішінде ең аз көрсеткіш болып табылады. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, Ресейде тікелей инвестицияның азаюы 35 пайызды құраса, Украинада 60 пайызға дейін жуықтаған. Осының өзі әлемде орын алып отырған экономикалық күйзелістерге қарамастан, елімізде инвестициялық ахуалдың сақталып отырғанын байқауға болады.

Ал халықаралық бағалауға келетін болсақ, Дүниежүзілік банктың рейтингтік есеп беруі бойынша 2008-2009 жылдардағы «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» бойынша Қазақстан әлемнің 181 елі ішінде 70-ші орынға ие болды. Ал бұл рейтингте Шығыс Еуропа және Орта Азиядағы 25 елдің ішінде Қазақстан 12-ші орынды иемденіп отыр. Бұдан басқа, былтырғы жылы «Мүлікті тіркеу» мәселесінде елдің рейтингі 52 позицияға жақсарып, 25-ші орынға көтерілсе, «Инвесторларды қорғау» және «Салық салу» көрсеткіші бойынша әлемнің 50 мықты елдерінің қатарынан көрінген.

Ал ағымдағы жылдан бастап, Қазақстан ел экономикасын жедел индустрияландырудың бесжылдық жоспарын орындауға кіріскелі отыр. Бұндай бастаманың ел әлеуеті мен мүмкіндігін артырып қана қоймай, тікелей инвестициялардың ағылуына да септігін тигізетін тұстары баршылық. Оның ішінде Балқаш ЖЭС-і, Ресеймен бірлесіп Екібастұз ГРЭС-2-сінің жұмыстары, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны, теміржол әлеуеттері және тағы басқа ірі жобалар миллиардтаған қаражаттың ағылуын әлі де жалғастырары сөзсіз. Бұндай ірі жобалардан бөлек, елдің өзге де сектор әлеуеттері инвестицияға сұранып тұр. Яғни, Қазақстандағы минералдық шикізатының ауқымды қорлары, ауыл шаруашылығындағы игерілмей отырған мүмкіндіктер, елдің оңтайлы географиялық орналасуы, бүгінгі таңдағы салық және кедендік заңнамалардың жеткілікті деңгейде жетілгені, саяси һәм экономикалық тұрақтылық секілді негізгі мәселелер әлі де инвесторлар үшін үлкен мүдделілік, қызығушылық тудырады. Сондай мақсаттарды жүзеге асыру үшін де бүгінгі таңда Қазақстан тарапы ірі трансұлттық компаниялар өкілдерімен, шетелдердегі шағын және орта бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізуде, үкіметаралық деңгейде бірлескен келісімдер жасалуда. Мәселен, Үкімет басшысы К. Мәсiмовтiң айтуынша, шетелдiк әрiптестермен бiрлескен жобаларды iске асыру үшiн былтыр Қытайдан 13 млрд. АҚШ доллары, Кореядан 5 млрд. АҚШ доллары, Ресейден 3 млрд. АҚШ доллары, Франциядан 2 млрд. доллардан астам қосымша инвестициялар тартуға қол жеткiзiлген. Бұның өзі Қазақстанда тартымды инвестициялық ахуалдың сақталып отырғандығын білдіреді. «Бұндай бағыттағы қаржылар - абстрактiлi инвестициялар емес. Олардың негiзiнде нақты әрi егжей-тегжейлi әзiрленген жобалар тұр», дейді К. Мәсімов. Яғни, бұндай ұзақмерзімге арналған жобалардың әсері де жағымды болады.

Қорытындылай келгенде, әлемдік дағдарыстың шарықтау шегіне жеткен былтырғы жылы Қазақстанда инвестициялық ахуал қалыпты сақталды. Ел әлеуетіне, болашақ экономикалық қадамдарға қарағанда әлі де сырттан қаржы тартуға мүмкіндіктер жоғары. Дегенмен де, бұған дейінгі қол жеткізілген нәтижелерді сараптасақ, Қазақстан негізінен шикізатқа бай мемлекет ретінде барша инвесторлардың назарына іліккен. Инвестицияның негізгі көзі де сол секторға жолданғаны анық көрінеді. Ендігі мақсат шикізаттық емес секторға тікелей инвестициялар тарту болып табылады. Бұл ретте сарапшылар көбінесе жаңадан іске кірісіп отырған Кедендік одақтың әлеуетіне назар аудартып келеді. Өйткені, шикізаттық емес секторды дамытып, оған инвестиция тарту үшін ең әуелі тұтыну рыногының қаншалықты ауқымды қамтитындығына назар аударылатыны сөзсіз. Ал Кедендік одақ шеңберіндегі жалпы халық саны 170 миллионнан астамды құрайды, яғни бұның өзі аса ауқымды тұтыну нарығының бар екендігін білдіреді. Ендеше, басқа да басымдықтармен қоса алдағы уақытта шикізаттық емес секторға да инвестицияны тарту күшейеді деуге негіз бар. Бір сөзбен айтқанда, инвестиция тартымдылығы артқан сайын ел экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік те молая түседі.

Соңғы жаңалықтар