Сауд Арабиясы елдің шығысында тағы бір дронды қағып түсіргенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Йеменнің заңды үкіметін қолдайтын Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы елдің шығыс бөлігінде тағы бір ұшқышсыз ұшу аппаратының (дрон) жолын кескенін хабарлады, деп жазады Анадолы.
Коалиция өкілі, бригадалық генерал Турки әл-Малики америкалық X әлеуметтік желісіндегі парақшасында тағы бір дронның Сауд Арабиясының шығыс аймағына бағытталғанын мәлімдеді.
Әл-Маликидің айтуынша, ұшырылған жері белгісіз дрон әуеде қағып түсіріліп, жойылған.
Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар-жоғы, сондай-ақ материалдық шығын туралы ақпарат берілген жоқ.
Бұған дейін коалиция өкілі елдің шығыс бөлігіне бағытталған екі дронның және Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядқа қарай ұшырылған хуситтердің екі баллистикалық зымыранының жолы кесілгенін хабарлаған еді.
Йеменде 2014 жылдың қыркүйегінде Иран қолдайтын хуситтер ел астанасы Сана мен бірқатар провинцияны бақылауына алғаннан кейін басталған азаматтық соғыс әлі жалғасып жатыр.
2015 жылдың наурызынан бері Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы халықаралық қауымдастық мойындаған Йемен үкіметіне қолдау көрсетіп келеді.
Соңғы уақытта Йемендегі үкімет күштері мен хуситтер арасындағы қақтығыстар жиілеген. Иран қолдайтын хуситтер өздеріне шабуыл жасалып жатқанын айтып, Сауд Арабиясына баллистикалық зымырандар мен дрондар арқылы соққы беріп келеді.
Бұдан бұрын хуситтер Сауд Арабиясындағы Эр-Рияд әуежайы мен мұнай құбырына шабуыл жасалғанын мәлімдеді.