Сауд Арабиясы қажылық ережелерін бұзғандарға қатаң айыппұлдар енгізді

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы билігі қажылық ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тағы да еске салып, ереже бұзушыларға қосымша айыппұлдар енгізді, деп жазады Кабар.

Сауд Арабиясында қажылық кезінде 1,3 мың адам қайтыс болды
Фото: pexels.com

Бұл туралы Аl Jazeera агенттігі Корольдіктің Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Бүгіннен бастап, Зуль-када (ред. — мұсылман күнтізбесіндегі 11-ай) айының 1-інен Зуль-хиджа (ред. — мұсылман күнтізбесіндегі 12-ай) айының 14-іне дейін Меккеге және басқа да қасиетті жерлерге заңсыз кіру әрекеттеріне қатысты күшейтілген бақылау және жаза шаралары күшіне енеді.

Негізгі шаралар мен айыппұлдар:

— Қажылыққа арналмаған визалардың иелерін қасиетті жерлерге тасымалдағандарға 100 000 сауд риалына дейін (шамамен 26 600 АҚШ доллары) айыппұл салынады;

— Егер ереже бұзушылық дәлелденсе, көлік құралы ереже бұзушыға немесе оның сыбайласына тиесілі болса, тәркіленуі мүмкін;

— Ресми рұқсатсыз қажылық жасауға әрекеттенгендерге 20 000 риалға дейін (шамамен 5 332 АҚШ доллары) айыппұл салынады;

— Визалық режимді бұзушылар депортацияланып, Сауд Арабиясына 10 жылға дейін кіруге тыйым салынады.

Ішкі істер министрлігі бұл шаралар қажылыққа арнайы рұқсаты жоқ Меккеге кіруге немесе онда тыйым салынған кезеңде қалуға әрекеттенетін кез келген виза түрінің иелеріне қатысты екенін атап өтті.

Сауд Арабиясы билігі барлық азамат пен резидентті қажылық ережелерін қатаң сақтауға және діни рәсімдер кезінде қажылардың қауіпсіздігі, тәртібі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін ереже бұзушылықтар туралы хабарлауға шақырды.

Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасады. Оған сәйкес Сауд Арабиясы биыл заңсыз қажылық жасаған адамдар мен заңсыз қажылықты ұйымдастырғандарға қомақты айыппұл салады.

Соңғы жаңалықтар