Сауд Арабиясы мен АҚШ арасындағы келісімдер 557 млрд долларды құрады
АСТАНА. KAZINFORM — Эр-Рияд пен Вашингтон арасында қол қойылған келісімдердің жалпы көлемі 557 миллиард долларды құрады. Бұны Сауд Арабиясының инвестициялар министрі Халид бин Абдулазиз әл-Фалих хабарлады.
Анадолу агенттігі жазғандай, «Әл-Ихбария» телеарнасына берген сұхбатында әл-Фалих Вашингтонда өткен АҚШ — Сауд Арабиясы Инвестициялық форумы аясында тараптардың 242 инвестициялық келісімге қол қойғанын атап өтті.
— Біз тараптар арасындағы серіктестікті нығайту мақсатында әртүрлі секторларда көптеген келісім жасадық. Қол қойылған құжаттардың жалпы құны 557 миллиард долларға жетті, — деді министр.
Әл-Фалихтің айтуынша, АҚШ Сауд Арабиясындағы ең ірі шетелдік инвестор саналады. Ол осы жыл екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде маңызды кезеңге айналатынын атап өтті.
Министр сондай-ақ тарихы 90 жылдан астам уақытты қамтитын Сауд Арабиясы мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың жаһандық үдерістеріне де елеулі ықпал ететінін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманды Ақ үйде салтанатпен қарсы алғанын жаздық.