Сауд Арабиясы мен АҚШ Суданға соғысты тоқтататын үш тармақты бейбіт жоспар ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы мен Америка Құрама Штаттары Суданға қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге бағытталған жоспарды ұсынды. Үш тармақтан тұратын бұл жоспар Судан қарулы күштерінің бас қолбасшысы Абдель Фаттах әл-Бурханға жеткізілді. Бұл туралы Sudan Tribune басылымына сілтеме жасап, Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Сауд Арабиясы мен АҚШ Суданға соғысты тоқтататын үш тармақты бейбіт жоспар ұсынды
Фото: ktep.org/world-news

Sudan Tribune мәліметінше, ұсынылған жоспар соғысты тоқтатуға, гуманитарлық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге және билікті азаматтық күштерге беруге бағытталған.

Бұған дейін Абдель Фаттах әл-Бурхан Эр-Риядта Сауд Арабиясының тақ мұрагері, ханзада Мұхаммед бин Салманмен кездесу өткізген. Кейін ол АҚШ президентінің Африка жөніндегі аға кеңесшісі Массад Булоспен де жүздесті. Басылымның хабарлауынша, әл-Бурхан ұсынылған жоспарды жан-жақты зерделеу үшін қосымша уақыт сұраған.

Дереккөздердің айтуынша, Дарфур мен Кордофан аймақтарындағы гуманитарлық дағдарыстың ушығуын ескере отырып, Дональд Трамп әкімшілігі тараптардың бірі гуманитарлық бітім мен атысты тоқтату ұсынысынан бас тартқан жағдайда, балама нұсқалар мен қысым шараларын қарастыруы мүмкін.

Биылғы жылдың қараша айында Дональд Трамп Судандағы соғысты тоқтату бағытында жұмыс істейтінін мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, соңғы екі айда қауіпсіздік жағдайының күрт нашарлауына байланысты Суданда соңғы екі айда 50 мыңнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды.

Соңғы жаңалықтар