Сауд Арабиясында Украина-Америка келіссөздері өтіп жатыр

АСТАНА.KAZINFORM – Келіссөз барысында Украина АҚШ-қа Ресеймен атысты ішінара тоқтату жоспарын ұсынады, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сауд Арабиясында Украина-Америка келіссөздері басталды
Фото: x.com/ @AndriyYermak

Украинаның Сыртқы істер министрлігі сейсенбі күні АҚШ пен Украина делегациясы Джидда қаласында кездесуді бастағанын хабарлады. АҚШ пен Украинаның жоғары лауазымды тұлғаларының кездесуі Сауд Арабиясының батысында орналасқан Джидда қаласындағы Ritz-Carlton қонақ үйінде өтеді. 

Шенеуніктер журналистердің АҚШ-тың әскери көмекті тоқтатуы және Украинаның жартылай атысты тоқтату туралы ұсынысы бойынша сұрақтарына жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды CNN.

Үстел басында Сауд Арабиясының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі әрі Сыртқы істер министрі отыр. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолтцпен қатар отыр.

Украина жағынан үстелдің орта шенінде Зеленскийдің бас көмекшісі Андрей Ермак, оның жанында Сыртқы істер министрі Андрей Сибига және қорғаныс министрі Рүстем Умеров бар.

Владимир Зеленский әкімшілігінің басшысы Андрей Ермактың айтуынша, Украина АҚШ шенеуніктерімен бүгінгі келіссөздерге «өте ашық» позициямен келді.

- Қазір біз ең алдымен бұл процесті қалай бастау керектігін талқылау қажет деп есептейміз, - деді Ермак қонақ үйдің фойесінде журналистерге берген сұхбатында.

Ермак келісімге келгеннен кейін Ресей қайтадан шабуыл жасай алмауы үшін Америка Құрама Штаттарының қауіпсіздік кепілдігі «өте маңызды»деді. Бірақ кездесудің басымдығы Мәскеумен келіссөздер арқылы бейбітшілікке қол жеткізу процесін бастау екенін айтты.

Мемлекеттік хатшы Марко Рубио Сауд Арабиясына АҚШ пен Украинаның ресми тұлғалары арасында әскери қақтығысты тоқтату мақсатында келіссөздер жүргізу үшін келгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар