Сауд Арабиясының тақ мұрагері АҚШ Мемлекеттік хатшысын өзін күтуге мәжбүр етті
Израильмен қарым-қатынасты қалпына келтіру жөніндегі келіссөздер тоқтатылғаннан кейін Сауд Арабиясы АҚШ-ты тағы елеусіз қалдырды. Kazinform агенттігі бұл туралы Hindustan Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Washington Post газетінің хабарлауынша, Эр-Риядта Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді кездесу үшін бірнеше сағат күттірді.
Кездесу кешке өтуі тиіс еді, бірақ Сауд Арабиясының тақ мұрагері оған келесі күні таңертең ғана келді. Бұл 7 қазанда ХАМАС-тың шабуылынан кейін Израиль мен Газа секторы арасындағы шиеленістің ушығуы аясында болып отыр.
Hindustan Times басылымы жариялаған видеода тақ мұрагері ханзада Салманның жазықсыз жандардың өмірін қиған қақтығыстарды және Газаны қоршауды тоқтату қажеттігін атап көрсеткені айтылған. Сондай-ақ ханзада қақтығыстың қазіргі ушығуын тоқтатуға шақырды.
Басылымның атап өтуінше, Сауд Арабиясының ХАМАС содырларына қатысты ұстанымы АҚШ ұстанымына толығымен қарама-қайшы. АҚШ қазан айының басындағы жаппай шабуылдан кейін ХАМАС-ты жою үшін Израильді қолдады.