Сауд Арабиясы Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді әріптес деп қарастырады- әмір Наиф

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Қайрат Лама Шариф 23 қаңтар күні Сауд Арабиясы Корольдігінің екінші Вице-Премьері - Ішкі істер министрі әмір Наиф бен Абдел Әзиз Әл Саудпен кездесті.
None
None

Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әмір Наифмәртебесі бойынша Король мен Тақ мұрагерінен кейінгі Корольдіктегі үшінші тұлға болып табылады.

Кездесу барысында елші Сауд Арабиясы Корольдігі Королінің екінші орынбасарына ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің үстіміздегі жылы Қазақстанға ресми сапармен келу туралы шақыруын және ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетовтың 2010 жылы қыркүйекте Риядқа жасаған сапары барысында көрсеткен құрметі үшін алғыс хатын табыс етті. Қазақстандық министрдің Сауд Арабиясы Корольдігіне жасаған сапары кезінде ‎Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің ‎Үкіметі арасындағы лаңкестікке, ‎‎‎ұйымдасқан қылмысқа, есірткі ‎құралдарының, психотроптық заттардың ‎және ‎‎олардың ‎прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес ‎саласындағы ‎‎‎ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Аталмыш келісім екі ел арасындағы қауіпсіздік саласындағы өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеріп, құқық қорғау органдарының болашақтағы байланыстарына құқықтық негіз болмақ.

Қазақстандық дипломат Корольдің інісімен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, еліміздің Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы аясында Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігімен қарым-қатынастарын стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін көтеруге ниеттілігін мәлімдеді. Екінші Вице-Премьер өз кезегінде Саудияның сыртқы саясатындағы Қазақстанның маңыздылығын және екі ел арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың жоғары екенін атап көрсетті.

Сонымен қатар, Әмір Наиф Сауд Арабиясы Қазақстанды өзінің Орталық Азиядағы сенімді әріптесі ретінде қарастыратынын және алдағы уақытта да барлық салалар бойынша қарым-қатынастарын дамытуға дайын екендігін атап өтті. Ал Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде ауыл шаруашылығы, инвестиция және ғылыми-техникалық салаларды атады.

Соңғы жаңалықтар