«Sauda in Digital Nauryz» байқауының жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрлігі сауда субъектілері арасында өткен «Sauda in Digital Nauryz» республикалық байқауының қорытындысын шығарды.

Сауда және интеграция министрлігі
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

13-20 наурыз аралығында өткен бұл іс-шара сауда саласындағы цифрландыру мен жасанды интеллектінің (ЖИ) әлеуетін паш етті.

Қатысушылар бес негізгі критерий (ЖИ қолдану, креативтілік, ұлттық нақыш, аудитория белсенділігі және сапа) бойынша 100 ұпайлық жүйемен бағаланды.

Байқау нәтижесі бойынша келесі сауда нысандары үздік деп танылды:

«Үздік цифрлық құттықтау» – ЦУМ (Қарағанды қ.): Ең жоғары 92 ұпай. Видеоматериал Наурыз мейрамының құндылықтарын цифрлық арналар арқылы тиімді трансляциялап, аудиторияны эмоционалды тарта білгені үшін марапатталды.

«Жасанды интеллектіні үздік қолдану» – «Умай» (Қарағанды қ.): 90 ұпай. Жобада ЖИ технологиялары визуалды және интерактивті контент жасау үшін қолданылып, заманауи цифрлық құралдардың жоғары әлеуетін көрсетті.

«Ең креативті Digital-жоба» – «Small» желісі: 90 ұпай. Стандартты форматтан тыс, сторителлинг элементтері мен аудиторияны тартудың бірегей концепциясын ұсынғаны үшін үздік атанды.

«Үздік цифрлық безендіру» – «Анвар»: 88 ұпай. Сауда кеңістігін экрандық шешімдер мен визуалды элементтер арқылы кешенді түрде безендіріп, келушілер үшін біртұтас мерекелік атмосфера қалыптастырды.

Министрлік өкілдері атап өткендей, биылғы қатысушылар Instagram желісінде #saudadigitalnauryz хэштегімен белсенділік танытып, сауда саласының заман талабына сай өзгеріп жатқанын дәлелдеді.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 23 наурыз күні салтанатты түрде өтті.

Бұған дейін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай 2026 жылғы 13–20 наурыз аралығында сауда саласын цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдануға арналған «Sauda in Digital Nauryz» байқауы өтетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар