Сауда келіссөзіне үмітпен қарап отырмыз — АҚШ сауда министрі

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ сауда министрі Говард Лютник 11 мамыр күні Қытаймен жүргізіліп жатқан келіссөз туралы пікір білдіріп, ресми Вашингтонның тиісті кездесуге «оптимистік көзқараспен» қарап отырғанын айтты. 

Говард Лютник
Фото: cantor.com

Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, Лютник CNN-ге берген сұхбатында апта соңында Швейцарияда өткен келіссөзді қос тараптың да «қолдап» отырғанын айта келіп, «біз бұл процестің сәтті өтетіне сенімдіміз» деп мәлімдеген. Ол жұмыс топтарының қос тарап үшін де «өте маңызды» келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті.

Сингапурлық басылым Швейцария БАҚ-тарына сілтеме жасап, жексенбі күнгі келіссөздің жергілікті уақытпен сағат 10:00–де басталып, жабық есік жағдайында өткенін хабарлады. Бұл кездесуге Қытай вице-премьері Хэ Лифэн, АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент және Сауда өкілі Джеймисон Грир қатысты.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент жексенбі күні Қытаймен екіжақты сауданың пассив теңгерімін азайту мәселесі бойынша келісімге келгенін мәлімдеген. Ол Женевада өткен екі күндік келіссөздің қорытындысына сәйкес Қытай тарапымен «елеулі ілгерілеушілікке» қол жеткізілгенін атап өтті, алайда келісімнің нақты мазмұны жайлы ашып айтқан жоқ.

Lianhe Zaobao-ның жазуынша, Ақ үйдің Ұлттық экономикалық кеңесінің директоры Кевин Хассетт Бейжіңнің Вашингтонмен сауда қатынасын қалпына келтіруге мүдделі болып отырғанын айтқан.

— Қытайлықтар (бізбен) ынтымақтастыққа өте ынталы болып отырған көрінеді, олар екі ел арасындағы сауда қатынастарын қалпына келтіруге тырысып жатыр, — деп мәлімдеді Хассетт жексенбі күні Fox News телеарнасына берген сұқбатында.

АҚШ-Қытай сауда келіссөзі аясындағы алғашқы кездесу 10 мамыр күні Женевада өтті

Соңғы жаңалықтар