Сауда мәдениеті және әділ нарық: Министрлік сауда желілеріне талапты күшейтті
АСТАНА. KAZINFORM — Сауда желілерінде отандық өнімнің қолжетімділігін қамтасыз ету керек. Бұл мәселе 2025 жылдың жақында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінде Сауда комитетінің төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаевтың төрағалығымен өткен онлайн-кеңесте талқыланды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Кеңеске аймақтық ірі сауда желі мен супермаркеттердің өкілдері қатысты.
Қатысушылар сауда заңнамасын сақтау, баға қалыптастыру тізбегінен артық делдал компанияларды алып тастау, сонымен қатар қазақстандық өнімнің сауда сөрелерінде теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Отырысқа барлық өңірден 100-ден астам сауда нысандарының өкілдері қатысты.
Баға белгілерінің болмауы — тұтынушылардың құқығын бұзу
— Тауар бағасының теңгемен көрсетілмей сатылуы құқық бұзушылық болып есептеледі. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 193‑4-бабын сақтау маңызды, — деп хабарлады министрліктен.
Сауда комитеті баға белгілерінің жоқтығы, оларды оқуға қиын немесе кассадағы бағамен сәйкес келмеуі — сауда желілеріндегі жүйелі проблема екенін мәлімдеді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірлік департаменттер осы бап бойынша 233 қаулы шығарды.
— Баға белгісі — жай ғана қағаз емес, ол тұтынушыны қорғайтын негізгі элемент. Сатып алушы төлем жасау алдында бағаны көре алуы керек. Баға белгісі болмаса айыппұл салынады, — деді Жәутікбаев.
Сөредегі қолжетімділіктің ашық болмауы бәсекелестікті шектейді.
201-бап бойынша осындай фактілер тіркелген жағдайларда сауда желілері кейде жеткізушілерге түсінік бермей, теңгерімсіз талаптар жолдайды немесе артық шарттарды міндеттейді. Әсіресе бұл шағын және орта бизнеске қатысты. Мұндай әрекеттер әділ бәсекелестік қағидаларын бұзады және сауда алаңдарына сенімді азайтады.
— Сөреге қолжетімділік тең және ашық болуы тиіс. Біз барлық сауда желілерін белгіленген рәсімдерді сақтауға және жасанды кедергілер жасамауға шақырамыз, — деді Сауда комитетінің өкілі.
Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бақылауды күшейту мәселесі талқыланды.
Комитет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бойынша шекті бағаның, артық сауда үстемеақының асуы және қажетті құжаттардың болмауы кең таралған заң бұзушылық екенін атап өтті. Тек 204‑4-бап бойынша жарты жылда 1828 қаулы шығарылған.
— Дүкендерде жеткізу келісімшарттары, тауарлардың жеткізу құжаттары болуы тиіс және баға айқын болуы керек. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар өнімдер бойынша. Бұл саладағы заң бұзушылықтар назардан тыс қалмайды, — деді Ернұр Жәутікбаев.
Сауда комитеті сондай-ақ қызмет көрсетпейтін, тек делдалдық қаңқа ретінде жұмыс істейтін аффилиирленген компанияларды жеткізу тізбегіне қосатын тәжірибеге сын айтты. Бұл құрылымдар, көбінесе сауда желілерінің өзіне тәуелді, өнімнің соңғы бағасын арттырып, өндірушіге де, тұтынушыға да нақты мән бермейді.
— Тек үстемеақы үшін үстемеақы болмауы қажет. Біз жеткізушілер мен желілер арасындағы келісімшарттық қатынастарды талдаймыз, — деді комитет өкілдері.
Сөре — бәсекелестік ордасы және қазақстандық тауардың лайықты орны болуы керек
Кеңес барысында отандық өнімдерді орналастыру талаптарының орындалуына ерекше назар аударылды. Ішкі сауда ережелеріне сәйкес, сауда нысандарының сөрелерінде азық-түлік өнімдерінің кемінде 30%, азық-түлік емес тауарлардың кемінде 20%-ы отандық өнім болуы тиіс. Мемлекеттік қолдау алған желілер үшін азық-түлік өнімдерінің үлесі 50%-ға дейін ұлғаяды.
— Сөре — таңдау орны. Егер қазақстандық өнім төменде жасырылған немесе мүлде жоқ болса — бұл жай маркетинг емес, заң бұзушылық. Біз осы нормалардың сақталуына ерекше назар аударамыз, — деді комитет төрағасының орынбасары.
Ал тексерулерге кедергі келтіру — заң бұзушылық
Жиын соңында Комитет өкілі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабын еске салды. Яғни мемлекеттік органдар қызметіне кедергі жасау заң бұзушылық болып табылады. Құжаттарды ұсынудан бас тарту, тексерушілеге рұқсат бермеу немесе бұйрықтарды елемеу де айыппұл салуға әкеп соғады.
— Біз репрессивті шараларға ұмтылмаймыз. Басты мақсатымыз — адал, ашық және бәсекеге қабілетті сауда ортасын қалыптастыру, — деп қортындылады сөзін Жәутікбаев.
Комитет сауда желілерінің басшыларына ішкі аудит жүргізуді, қызметкерлерге бақылау орнатуды, жеткізу тізбегіндегі құқықтық әлсіз тұстарды жоюды және баға мен құжаттауды тиісті түрде ұйымдастыруға шақырды. Ернұр Жәутікбаев мемлекеттің негізгі міндеті бизнестің үстінен қысым емес, нарықтағы барлық қатысушыларға тең және түсінікті жағдай жасау екенін атап өтті.
— Егер біз жүйелі және ашық әрекет етсек, нәтиже береді. Нарықта тұрақтылыққа қол жеткіземіз, негізсіз бағаның өсуін тоқтатамыз және тұтынушыға сапалы, қолжетімді тауарларды ұсынамыз, — деді ол.
Кеңес нәтижесінде қатысушылар конструктивті өзара әрекетке, профилактикалық жұмысқа және заң нормаларын тұрақты түрде сақтауға дайын екенін білдірді.
Еске сала кетейік, 5 жылдан кейін Қазақстанда әрбір бесінші тауар онлайн сатып алынатынын жазған едік.