Сауда министрлігі «Sauda in Digital Nauryz» байқауын жариялады
АСТАНА.KAZINFORM - Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай 2026 жылғы 13–20 наурыз аралығында сауда саласын цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдануға арналған «Sauda in Digital Nauryz» байқауы өтеді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Қатысушылар инновациялық шешімдерін, сауда кеңістігін креативті цифрлық безендіру үлгілерін және жасанды интеллектіні қолдана отырып жүзеге асырылған жобаларын ұсынуы тиіс.
Байқаудың мақсаты – сауда саласына заманауи технологияларды енгізуді ынталандыру және үздік тәжірибелерді қолдау.
Байқауға Қазақстан Республикасының барлық сауда субъектілері қатыса алады.
Қалай қатысуға болады?
· қысқа бейнеролик түсіріңіз;
· Instagram желісіндегі өз парақшаңызға жариялап, Министрліктің ресми парақшасын (@saudagovkz) белгілеңіз;
· #saudadigitalnauryz хэштегін көрсетіңіз.
Қорытынды шығару
20 наурыз күні келесі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталады:
· Үздік цифрлық безендіру;
· Үздік цифрлық құттықтау;
· Жасанды интеллектіні үздік қолдану;
· Ең креативті Digital-жоба.
Бағалау критерийлері (KPI)
Байқау жұмыстары келесі негізгі көрсеткіштер бойынша бағаланады (ең жоғары ұпай – 100):
· жасанды интеллектіні қолдану – 40 ұпай;
· креативтілік – 20 ұпай;
· ұлттық нақыш – 20 ұпай;
· аудиторияның белсенділігі – 20 ұпай;
· орындалу сапасы – 20 ұпай.
23 наурыз күні жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.
Бұған дейін «Педагогикалық идеялар панорамасы - 2026» республикалық байқауы жарияланғанын жазған едік.