Сауда нысандарын жаңартудың және салудың кешенді жоспарын әзірлеу қажет - Т. Құлыбаев
Бұл туралы Алматыда ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сауда комитетінің кеңейтілген көшпелі отырысында осы Палата Төралқасының Төрағасы Тимур Құлыбаев мәлімдеді, деп хабарлады Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен.
Жабық режімде өткен отырыста базарларды реформалау мәселесі талқыланды.
Басқосуда айрықша мысал ретінде оңтүстік астанадағы базарлардың жағдайы, олардың бей-берекет орналасуы, төленетін салықтардың жасырылуы, көрсетілетін қызметтердің сапасы, өрт қауіпсіздгі және санитарлық нормалар қаралды.
«Ұлттық палата сауда базарларына қатысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Аймақтар әлеуетіне қарай сауда нысандарын жаңартудың және салудың кешенді жоспарын әзірлеп, сындарлы жұмыс істеуге көшуі қажет. Жүйелі шешімдер қабылдайтын уақыт жетті» - деді өз сөзінде Тимур Құлыбаев.
Сауданың өркениетті үлгісіне көшу үшін уақыт керек. Бүгінде республикамыздағы бүкіл сауда алаңдары қорының жартысына жуығын «базарлар» алып жатыр. 2011 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар оларды оңтайландыру жұмыстарын бастады. Мысалы, Алматыда 74 базардың 35 -ін жабу көзделген. Қаладағы базарларда бірнеше өрт болғаны мәлім. Бұл жағдайды одан бетер ушықтырып жіберді. Осы өрттердің салдарынан жүздеген саудагер зардап шекті. Орны толмас шығындар мен залалдардың жалпы сомасы 10 млрд. теңгені құрады. Тауар сатушылардың көпшілігі банктерден несие алған.
Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев бұл жерде кезең-кезең бойынша әрекет етуді ұсынды. «Қажет болса, сауда нысандарын жаңарту және салу бойынша кешенді жоспар қабылданғанша, базарларды жаппай жабу мен сүріп тастау әрекеттерін тоқтата тұру туралы тиісті хатпен Үкіметке жүгінейік. Біз үш тарапты - сатып алушының, бизнесменнің және мемлекеттік органдардың мүдделерін ескеріп әрекет жасауымыз керек» - деді ол.
Отырыста саудагерлердің жобаға үлескер, акционер немесе пайшы ретінде қатысқандары жөн болатындығы айтылды. «Осылайша олардың жаңадан салынатын сауда нысандарының инфрақұрылымдарының дамуына деген жауапкершіліктерімен қатар, меншік иесі ретінде де ықпалдары арта түсер еді» - десті мамандар.