Saudi Aramco газ өңдеу жобасына 11 млрд доллар инвестиция тартты

АСТАНА. KAZINFORM —  Бұл келісім Сауд Арабиясындағы ең ірі газ жобасының дамуына шетелдік капитал тартуға және активтерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Saudi Aramco газ өңдеу жобасына 11 млрд доллар инвестиция тартты
Фото: aramco.com

Сауд Арабиясының мұнай-газ компаниясы Aramco халықаралық инвесторлар консорциумымен, оның ішінде BlackRock тобына кіретін Global Infrastructure Partners (GIP) басқаруындағы қорлармен, 11 миллиард доллар көлеміндегі кері жалдау келісімін жасасты.

Бұл қаражат корольдіктегі ең ірі газ кен орны — Жафурадағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Бұл туралы Aramco компаниясы бейсенбі күні хабарлады.

Келісім шарттарына сәйкес, арнайы құрылған Jafurah Midstream Gas Company (JMGC) компаниясы Жафурадағы газ өңдеу зауыты мен «Рияс» фракциялау қондырғысын 20 жыл мерзімге пайдалану құқығына ие болады, кейін оларды Aramco-ға кері жалға береді.

Осы үшін Aramco JMGC компаниясына шикі газды өңдеу және дайындау құқығы үшін ақы төлейтін болады. Бұл ретте Aramco JMGC-ның 51% акциясын сақтап қалады, ал қалған 49% инвесторларға өтеді. Келісім өндіріс көлеміне шектеу қоймайды және стандартты шарттар орындалған соң аяқталады.

Жафура кен орны Сауд Арабиясындағы мұнай өндірісімен байланысы жоқ ең ірі газ жобасы болып саналады. Оның қорлары шамамен 229 триллион текше фут шикі газ және 75 миллиард баррель конденсат деп бағалануда.

Бұл жоба Aramco-ның 2030 жылға қарай газ өндірісін 60%-ға арттыру жоспарының негізгі бөлігі болып табылады. Бұл ел ішіндегі және сыртындағы өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған.

— Жафура — біздің газ өндірісін ұлғайту бойынша амбициялы бағдарламамыздың іргетасы, — деді Aramco президенті және бас атқарушы директоры Амин Насер.

Оның айтуынша, алғашқы өндіріс кезеңі биыл басталады, ал келесі кезеңдер белсенді іске асырылу үстінде. Насер кен орны мұнай-химия өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етіп, жасанды интеллект деректер өңдеу орталықтары сияқты жаңа салаларды энергиямен қамтамасыз ететінін айтты.

GIP басшысы Адэбайо Огунлеси Aramco-мен серіктестік жаһандық нарыққа таза отынмен қамтамасыз етуге, энергетикалық қауіпсіздік пен қолжетімді бағаны ұсынуға көмектесетінін атап өтті.

Aramco-ның мәліметінше, бұл өңірдегі ең ірі газ жобасына инвестиция салу мүмкіндігі Азия мен Таяу Шығыстың ірі институционалдық компанияларын қоса алғанда, бүкіл әлемдегі инвесторлардың қызығушылығын арттырды. Келісім Aramco-ға өз активтерін оңтайландырып, Жафура кен орнын игеруден қосымша табыс алуға жол ашады.

Бұған дейін Сауд Арабиясының Сирия экономикасына 6 млрд доллар инвестиция салатыны хабарланған болатын.

АҚШ пен Сауд Арабиясы қорғаныс саласында 142 млрд долларлық келісімге қол қойды.

Соңғы жаңалықтар