Саудиялық инженер тақ мұрагерінің қимылын эмодзи ретінде ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясының инженері Әли әл-Матрафи тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның АҚШ президенті Дональд Трампқа жасаған қимылынан шабыт алып, жаңа эмодзи әзірледі, деп жазады The National.

Аталған қимыл араб интернет кеңістігінде жаппай таралды. Ол Трамптың Сауд Арабиясына ресми сапары кезінде Эр-Риядтағы инвестициялық форумда Сирияға салынған санкцияларды алып тастайтынын жариялаған сәтте түсірілген болатын.
Көпшілік қол шапалақтаған кезде Мұхаммед бин Салман күлген күйі екі қолын кеудесіне қойып, араб мәдениетіне тән шынайы алғыс білдіру белгісін жасады.
🇺🇸🇸🇦 📺Crown Prince #MbS's reaction to US President Trump's statement on lifting American sanctions on Syria.#منتدى_الاستثمار_السعودي_الأمريكي. pic.twitter.com/fJkEF4ijMO
— Sylwester S. Wierzbowski (@wierzbowski_s) May 13, 2025
— Бұл алғыс білдірудің аяқасты туған шынайы ишараты болды. Көптеген саудиялық осы сәттен үлкен әсер алды. Мен оны мәңгі есте қалдыруым керек деп шештім, — деді әл-Матрафи.
Оның эмодзиі — ақ түсті тхоб (дәстүрлі араб киімі) мен қызыл-ақ шемаг (куфия) киген, күлімсіреген, қолдарын кеуде тұсында айқастырған ер адам бейнесі. Әл-Матрафидің айтуынша, бұл эмодзи қарапайым «рақмет» емес, «шын көңілден шыққан алғыс» символы.

Бағдарламашы бұл эмодзиді халықаралық эмодзи стандарттарын белгілейтін Unicode консорциумына ресми түрде ұсынған. Оның сөзінше, техникалық тұрғыда жасағаннан қарағанда өтінімді рәсімдеу әлдеқайда күрделі болған және бекіту процесі екі жыл немесе одан да көп уақыт алуы мүмкін.
— Жапондарда — кимоно, үнділерде — сари, француздарда — багет бар, ал бізде Сауд Арабиясы мен араб мәдениетін көрсететін бірде-бір эмодзи жоқ, — деп атап өтті инженер.
Ол бұл бастама Сауд Арабиясы мәдениетіне және Мұхаммед бин Салманның қызметіне деген қызығушылықты арттырғанына қуанышты екенін білдірді.
— Мен үшін ең үлкен марапат — бұл менің бастамама саудиялықтар мен бүкіл аймақ халқының білдірген махаббаты мен қолдауы. Мұндай әсер күтпеген едім, — деді ол.
فعلًا ما عندنا تمثيل واسع من ثقافتنا، رموز تمثّل الرجل السعودي أو الشماغ والدلة والفنجان والأكل الخ ، بينما ثقافات ثانية لها تمثيل واسع جدًا في Unicode:
— علي المطرفي (@almatrafi_dev) May 16, 2025
عشان كذا احتاج دعمكم بمقترح ايموجيات من ثقافتنا الدلة الفنجان ، الشماغ الخ ،، نقدمها او ( بسوي شرح كيف تقدمها بنفسك )
احتاج:… https://t.co/xaaL5VuVy1 pic.twitter.com/x4XynTkJq2
Әл-Матрафидің X желісіндегі жазбасы 3,6 миллионнан астам қаралым жинап, жүздеген рет бөлісілген. Бұл оның ең танымал жұмыстарының бірі болды. Ол қазіргі таңда киберқауіпсіздік саласына мамандар дайындайтын Тувайк академиясында оқу бағдарламаларын әзірлеу бағытын басқарады.
Инженердің айтуынша, бұл бастама бір ғана эмодзимен шектелмейді — ол Сауд Арабиясының мәдени бейнесін жаһандық цифрлық кеңістікте көрсетуге бағытталған.
Ол әлеуметтік желілерде Unicode стандарттарында араб немесе саудиялық мәдениетті көрсететін эмодзилердің (шемаг, шыныаяқ, ұлттық тағамдар және т.б.) жоқ екенін атап өтті.
— Басқа мәдениеттер эмодзи түрінде таныстырылған: кимоно, сари, багет немесе бостандық мүсіні бар. Ал біздің мәдениет әлі де көлеңкеде қалып отыр, — деп жазды ол.
Инженер оқырмандарды бұл бастаманы қолдауға, сондай-ақ өздерінің эмодзи идеяларын ұсынуға шақырды.
Осыдан бұрын АҚШ пен Сауд Арабиясы қорғаныс саласында 142 млрд долларлық келісімге қол қойғаны хабарланды.