Сәуірден бастап зейнетақы мен жалақы мөлшері тәуір бола бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен айдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Н.Назарбаев зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді көбейту туралы атқарушы билікке бірқатар тапсырма жүктеген еді. Соған орай, Үкімет ел бюджетіне түзетулер енгізіп, құжатты Парламентке «аттандырған». Басты қаржы құжаты қазір Мәжілісте қызу талқыдан өтіп жатқаны белгілі. Нақтыланып отырған бюджет жобасы негізінен әлеуметтік бағдарға басымдық береді. Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау мақсатында, бюджет жобасында қосымша 121,6 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр.
None
None

Тоқтала кететін жайт, бюджетпен қоса Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де жұртшылықты әлеуметтік қамсыздандыру мен азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелеріне арналған заң жобасын ұсынған болатын. Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді арттыруға бағытталған заң жобасы Елбасы тапсырмасын тұтастай қамтамасыз етуге бағытталады. Атап айтқанда, біріншіден, бұл зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға қатысты болып отыр. «Мәселен, құжат бойынша базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін, зейнетақысы ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін тағайындалған адамдардың зейнетақысын, сондай-ақ, осы жылдың басынан бастап зейнетақы мөлшері арттырылғанын қоса есептегенде, 12 пайызға, еңбек зейнетақыларын - 14 пайызға дейін көбейту көзделіп отыр. Бұл ретте қолданыстағы, зейнетақыны есептеу үшін қолданылатын табыстың шамасын ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап 39-дан 41 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту қарастырылады. Осыған орай, зейнетке ағымдағы жылдың 1 сәуірінен кейін шығатын адамдардың зейнетақысын да зейнетке бұған дейін шыққан адамдардың зейнетақы төлемімен теңестіруге мүмкіндік болады», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, қабылданатын шаралар базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін 10 450 теңгеге немесе 12 пайызға дейін, еңбек өтілі бойынша алынатын зейнетақы мөлшерін (базалық зейнетақы төлемін қоса алғанда) 46661 теңгеге дейін көбейтуді қамтамасыз етеді. Қазақстанда қазіргі таңда зейнеткерлердің саны 1,9 млн. адамды құрайтынын ескерсек, олардың зейнетақысын арттыруға қосымша 40,6 млрд. теңгені құрайтын қаражат қарастырылады деген сөз.

Заң жобасындағы өзгерістердің бір парасы мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін арттыруға қатысты болып табылады. Осы санаттағылардың жәрдемақысы 2014 жылғы 1 сәуірінен 12 пайызға, ал 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға дейін көтерілетін болады. «Егер бірінші топтағы мүгедек өткен жылы 25 378 теңге алған болса, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап - оның жәрдемақысы 38 028 теңгені құрайды және бұл өсім шамамен 50 пайызды құрап отыр», - дейді министр Тамара Дүйсенова. Министрдің сөзіне қарағанда, жәрдемақылар мен зейнетақы төлемдерінің арақатынасы өзгереді. Мәселен, ағымдағы жылы бірінші топтағы мүгедектің жәрдемақысы орташа зейнетақы мөлшерінің 60,1 пайызын құраса, жаңа деңгейде 76 пайызды құрайтын болады.

Заң жобасында сондай-ақ ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін - 12 пайызға дейін арттыру көзделеді. 386 мыңдай отбасына берілетін бұл жәрдемақылардың мөлшерін көбейту үшін бюджеттен қосымша 2,8 млрд. теңге көзделеді. Азаматтардың жекелеген санаттарына арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 12 пайызға дейін өседі. Аталған жәрдемақыны алушылардың саны 1 млн-ға жуық, ал осы шараларға қосымша 4,6 млрд. теңге жұмсалады. Бұдан бөлек, Семей сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға біржолғы ақшалай өтемақы да 12 пайызға дейін артады. Бұл жәрдемақыны 3 мыңға жуық адам алады, ал қосымша қаражаттың көлемі 1,7 млн. теңгені құрайды. Осылайша, 2014 жылға нақтыланған республикалық бюджеттен зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді арттыруға қосымша 53,4 млрд. теңге көзделуде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған заң жобасының тағы бір жаңалығы - бала асырап алушыларға берілетін жәрдемақы төлемін арттыру. «Отбасы институтын нығайту мақсатымен «Неке және отбасы туралы» Кодексіне өзгерістер енгізіледі. Ол бойынша бала асырап алушы - Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығын ұлғайту қарастырылады. Яғни, Үкіметке ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды асырап алушыларға біржолғы ақшалай төлемнің мөлшерін тағайындау және қайтару тәртібін бекіту құзіреті беріледі», - дейді Тамара Дүйсенова.

Оның сөзіне қарағанда, бала асырап алуына байланысты берілетін біржолғы ақшалай төлемді жүзеге асыруға 2015 жылы - 386,2 млн. теңге, 2016 жылы - 423,8 млн. теңге бағытталатын болады.

Сондай-ақ, осы жылдың 1 сәуірінен бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің лауазымдық қызметақысына ерекше еңбек жағдайлары үшін 10 пайыз мөлшерінде ай сайынғы үстемеақы енгізу есебінен олардың еңбекақысын арттыру көзделеді. Бұл 1,5 миллионға жуық адамды қамтиды, ал олардың ішінде - 1,1, млн. адам азаматтық қызметшілер болса, 236,8 мың адам біліктілігі жоқ жұмысшылар, 88,5 мың адам штаттан тыс қызметкерлер. Осы бастаманы іске асыруға 63,5 млрд. теңге бөлінбекші.

Соңғы жаңалықтар