Сәуірде Каспий теңізінің 3 елдегі секторында 15 дақ анықталған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Сәуір айында Каспий теңізінің Ресей және Қазақстандағы секторында 15 дақ анықталып отыр.

каспий
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Бұл туралы ақпаратты «Прозрачный Мир на Каспии» телеграм арнасы таратты.

— Мониторинг тобының 2025 жылғы сәуірдегі қызметі туралы есебі нәтижелерінің негізінде анықталған барлық ластанудың біріктірілген картасы жасалды. Теңізде 54 радиолокациялық түсірілім көрінісінде жалпы ауданы шамамен 32 шаршы шақырым болатын 15 дақ анықталды, - деп хабарлады телеграм арнасы. 

Оның ішінде 8 жағдай Каспий теңізінің Ресей аумағындағы секторында тіркелген. Оның жалпы ауданы — 13,4 шаршы шақырым. Ал, қазақстандық бөлігінде 5 жағдай (жалпы ауданы 17,6 шаршы шақырым) анықталған. Сондай-ақ, су айдынының әзербайжандық секторында 2 жағдай (жалпы ауданы 1 шаршы шақырым) тіркеліп отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын мамырдың басында Каспий жағалауында 88 итбалықтың өлексесі табылғаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар