Саусақ ізін алу әлі енгізілген жоқ – ІІМ
Қазақстандықтар саусақ ізін әзір тапсырмайды, деп хабарлайды Kazinform ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заң әлі қолданысқа енгізілген жоқ. Мәжілістің бір топ депутаттың бастамасымен аталған Заңға еліміздің азаматтарын дактиласкопиялық және геномдық тіркеуден ерікті түрде өткізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Бұл өзгерістер мен толықтыруларды 2023 жылғы 21 желтоқсан күні Парламент Сенаты мақұлдады», - делінген Kazinform агенттігінің Ішкі істер министрлігіне жолдаған сауал жауабында.
Еске салсақ, биыл қыркүйекте Ішкі істер министрлігі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтардан саусақ ізі алынатыны туралы хабарлаған еді.
Кейін аталған ведомсто азаматтардан саусақ ізін тапсыру ерікті болатынын жеткізді.
Араға уақыт салып Мәжіліс саусақ ізін тапсыру міндеті туралы бастаманы заңнан алып тастады.