Саяхатшы: Атырау – мұнайлы, бай өлке, бірақ жолы быт-шыт

Сәрсенбай Қотырашов Атырау облысындағы жолдың нашарлығы туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
«Атырау – мұнайлы өлке, бай өлке. Әттеген-ай, сондай байлықтың үстінде тұрып, жолдың сиқы мынау – быт-шыт, түйір-түйір тас, тозған асфальт. Машина қатты жүріп өткенде, ұшқан тас сүйегіңді сындырып жібере жаздайды. Шіркін-ай, осындай байлықты халықтың игілігіне жаратып, мына асфальтты жолын жөндеп салса, ел риза болып, Үкімет басшысын, депутаттарды мақтаған болар еді. Сондай мақтауға ие болатындай дәрежеде халыққа игілікті іс жасаса деп тілеймін», - деді пікір білдірді Сәрсенбай Қотырашов.
Қазақ қариясы әлем елдеріне жаяу саяхаттау үшін Атыраудан 2 тамызда жолға шықты. Оның сапары үш кезеңге бөлінген. Алғашқы маршруты – Қазақстан, Ресей, Грузия, Түркия елдеріне жету. Бұл елдерді аралау үшін 100 күнде 3 мың шақырымға жуық жол жүреді.
Бұдан соң 180 күнде 9 шақырым жол жүріп, Түркия, Франция, АҚШ елдеріне барады. Ал 130 күнге созылатын үшінші кезеңді АҚШ-тан бастайды. Қытай, Моңғолия, Ресей арқылы 4 мың шақырымды артқа тастап, Қазақстанға оралады.
Жаяу сапарын 2025 жылғы тамызда аяқтайтын Сәрсенбай Қотырашов екі жылда 16 210 шақырым жол жүреді.
Ол бүгін, 8 тамызда Қазақстан – Ресей шекарасына жетті.
«Міне, шекараға жеттім. Бірінші шекарадан өткелі тұрмын. Атыраудан 300 шақырымнан астам жаяу жүрдім. Жолдың кейбір жері нашар, кейбір тұсы жақсы. Жол салынып жатыр. Келесі жылға дейін бітетін шығар. Бүгін міне, бірінші рет шекараны көріп, қобалжып тұрмын. Алла сәтін салса, өтермін, сау болыңыздар, қазақстандықтар», - деді Сәрсенбай Қотырашов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын 73 жастағы ақсақал әлем елдерін жаяу аралауға Атыраудан жолға шыққанын хабарлаған едік.