Саяхаттау ешқашан кеш емес: 73 жастағы ақсақал әлем елдерін жаяу аралауға Атыраудан жолға шықты

Жаһан елдеріне жаяу аттанғалы отырған саяхатшы Сәрсенбай Қотырашовтың сапары бүгін, 2 тамызда басталды.
Ол жаяу сапарының алдында атыраулық жастармен кездесті.
«Менің жаяу сапарым әлемнің бірнеше елін қамтиды. Қазақстаннан жолға шығып, Ресей, Грузия, Түркия, Болгария, Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Франция, АҚШ, Қытай, Моңғолия елдеріне барамын. Кейін Ресей арқылы Қазақстанға оралуды көздеп отырмын. Жаяу сапарым 2 жылға созылып, 2025 жылдың тамызында аяқтаймын деген жоспарым бар», -дейді Сәрсенбай Қотырашов.
Ол жаяу сапарын бірнеше бағытқа бөлген.
Алғашқы маршруты – Қазақстан, Ресей, Грузия, Түркия елдеріне бару. Бұл елдерді аралау үшін 3 мың шақырымға жуық жол жүреді. Бұған 100 күн қажет.
Екінші бағыттағы Түркия, Франция, АҚШ елдерін 180 күнде аралауды жоспарлап отыр. Бұл үшін 9 мың шақырымнан астам жолды еңсермек.
Үшінші кезеңе АҚШ-тан бастап, Қытай, Моңғолия, Ресей арқылы Қазақстанға оралады. Бұл кезеңде 130 күнде 4 мың шақырымнан астам жол жүреді.
«Менің ұстанымым – саяхаттау ешқашан кеш емес. Әлем елдерін жаяу аралаған қазақ қариясының атын Гиннестің рекордтар кітабына тіркеп, әлемдік рекорд орнатсам деймін. Ең бастысы, бейбітшілікті насихаттап, жаһан елдерін ынтымаққа шақырғым келеді. Мен бұл сапарға тастүйін дайынмын. Былтырғы еліміздің өңірлерін жаяу аралаған сапарым мен үшін әрі сынақ, әрі дайындық болды. Жасымның ұлғайғанына қарамастан кез келген қиындықты жеңуге бекініп отырмын. Ал, бұл жолғы жаяу саяхатым – өте жауапты сапар. Сол себептен, әлем елдеріне саяхатымды сәтті өткізу үшін күніне 30-40 шақырымдай жаяу жүремін», -деді Сәрсенбай Қотырашев.
Осылайша, әлемді жаяу аралауды көздеген қазақ қариясы үш жылда 16 210 шақырым жол жүреді.
Жиһанкездің дорбасында ең қажетті заттары бар. Бұл – гигиеналық заттар, киім, аяқ киім мен азық-түлік.
Еске сала кетелік, бұған дейін 73 жастағы ұлытаулық қария әлем бойынша жаяу марафонға аттанатыны хабарланған еді.