Саясат бизнеске әсер етпеуі керек - «Kaznex Invest» АҚ басқарушы директоры

«Біз форум қарсаңында Қазақстанның Орталық Азияға экспортқа не ұсына алатынын зерттеп көрдік. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Түркіменстан елдерінің әрқайсысы экспорттық кірістен 1 млрд. доллардан бере алады екен. Әйтсе де бұл тек әлеует боп қалуда. Өйткені Орталық Азия республикаларының сауда саясаты протекционистік болып отыр. Олар Қазақстан тауарларының ішкі нарықтарына кіруіне толық мүмкіндік бермеуде. Мәселен біз Өзбекстанға азық-түлік, кондитер өнімдері, алькоголсіз сусындарды, локомотивтерді ұсына аламыз. Алайда олар кондитерлік өнімдерден 70 пайыз, сусындардан 100 пайыз акциздік алым алады. Кейбір акциздер тіпті 200 пайызға дейін жетеді», - дейді Ғ.Шаханова. Оның айтуынша, сондықтан Қазақстанға Орталық Азиядағы көршілерден гөрі Ресеймен сауда-саттық жасаған тиімді болып отыр. Мысалы, аймақтағы басты сауда серіктесіміз болып отырған Өзбекстанмен бәсекеге қабілетті болса да айырмашылық автомобильдер экспортында 910 есе, тыңайтқыштар экспортында 90 есе төмен болып отыр. Ал бүкіл Орталық Азия елдерінен Ресейдегі экспорт 2 есе, импорт 12 есе жоғары. Орталық Азия елдері ықпалдастықта әртүрлі деңгейде тұр. Саясат бизнеске әсер етпеуі керек. Бизнес шарты баршаға әділ болуы қажет.