Саясат Нұрбек елімізде сутегі энергетикасын дамытуға қатысты түсінік берді

«Сутегі энергиясына айтарлықтай назар аударып отырмыз. Бұл бағытта қазір екі үлкен ғылыми орталық құрылып жатыр. Біріншісі – Еуразия ұлттық университетінде. ЕҰУ базасында өте жақсы ғылыми резерв қалыптасты. 10-15 жыл шамасында жақсы ғалымдар тобы жиналды, сондай-ақ бірнеше қолданбалы әрі ірі жобалар жүзеге асырылды. Сутегі энергетикасы бойынша бұл ғылыми орталыққа біз жеткілікті қаржы бөліп жатырмыз», - деді С. Нұрбек Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға арналған конференцияда.
Оның айтуынша, сутегі автомобиль өнеркәсібінде өте тартымды бағытқа айналды. Жапондық үлкен концерндер сутегі отынымен жүретін көліктерге ерекше мән беріп отыр. Сонымен қатар, Еуропаның елдері сутегі стратегияларын әзірлеуге кірісті.
«Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру бойынша ірі жоба іске қосылып жатыр. Бұл жоба біртіндеп дамып келеді», - деді Саясат Нұрбек.
Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын құру жобасы таныстырылды.
Сондай-ақ, осы өңірде маман даярлау үшін Германия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнату қарастырылған.
Ал биыл маусым айында Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы «жасыл» сутегі өндіретін зауыттың құрылысы аясында Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мен Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен бұрғылау жұмыстарын іске қосу рәсімі өтті.