Саясат Нұрбек инновациялық штаб құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Инновациялар тек бір ведомство аясында ғана емес, бүкіл мемлекеттік жүйе деңгейінде үйлестіруді талап ететін күрделі салааралық міндет. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инновациялық қызмет Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына өтті. Осы тапсырманы орындау аясында министрлікке Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің жекелеген міндеттері мен функциялары берілді.
Бұл шешім инновациялар ғылым, университеттер және зерттеу орталықтары базасында қалыптасатын халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Алайда, инновациялар тек бір ведомство аясында ғана емес, бүкіл мемлекеттік жүйе деңгейінде үйлестіруді талап ететін күрделі салааралық міндет екенін түсіну маңызды, - деді министр.
Оның мәліметінше, Қазақстан Global Innovation Index рейтингінде 81-орында, ал Гарвард университетінің Экономикалық күрделілік индексінде 55-орында тұр.
- Айта кету қажет, GII – 78 индикаторды қамтитын кешенді халықаралық индекс. Аталған рейтингтегі елдің орны бір ғана ведомствоның қызметінің нәтижесі емес, инновациялық дамудың негізгі бағыттары бойынша 10-нан астам мемлекеттік органның үйлесімді жұмысының нәтижесі саналады. Сонымен қатар инновациялық қызметтің мұндай салааралық сипаты ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін және институционалдық деңгейде бірыңғай үйлестіруді талап етеді. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдар мен даму институттарының іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік беретін бірыңғай үйлестіруші тетік ретінде Инновациялық штаб құру ұсынылады. Алайда инновацияларды толыққанды дамыту үшін тек үйлестіру жеткіліксіз, өйткені жүйеде басқа да проблемалық мәселелер сақталуда, - деді Саясат Нұрбек.
Бұған дейін Үкімет отырысында инновацичларды дамыту мәселесі талқыланатынын жазған едік.