«Саясат сахнасына бекініп шыққан партияның қамсыз жатуын қоғам құптамайды» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Айқын» газетінің жазуынша, ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға емтихан тапсырған үшінші үміткер Мұсағали Дуамбеков үшін кешегі сәрсенбі сәтті болды. Мемлекеттік тілді жетік білетіндігін дәлелдеген кандидат мамандардың оң бағасын алып, науқанның келесі кезеңіне өтті. Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтiң пікірінше, үміткер жазба жұмысын ойдағыдай орындаған. Тақырыпты аша білген. Сөйлем құрауында да кемшілік кездеспеген. «Бізге белгілі болғандай, кезектен тыс президент сайлауына кемінде 400 халықаралық бақылаушы қатысады. Олар 7 ақпаннан 28 наурызға дейін тіркелуі тиіс. ОСК мүшесі Марат Сәрсембаевтың айтуынша, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері өздерінің ноталарын жолдап, сайлауға қатысатындықтарын және кемінде 400 бақылаушы жіберетіндіктерін жеткізген. ТМД-ға мүше елдерден де бақылаушылар келеді деген болжам бар», - деп жазады басылым. Саяси сахна көрігін қыздыратын сайлау және оған қатысатын үміткерлер жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Сайлауға 400 халықаралық бақылаушы қатысады» деген мақалаға назар салыңыз.
«Үміткерлер» сайлауға түсуді ойыншыққа айналдырып алды». Осындай тақырыппен «Айқын» газетінің бейсенбілік санында жарық көрген шағын сұхбат Қазақстан саяси конъюнктура орталығының вице-президенті Нұрлан Ерімбетовпен арада өрбіген. Алдағы болар кезектен тыс Президенттік сайлау жайында өрбіген екеуара әңгіме барысында ол: «Меніңше, ұлтшылдар да осы науқанға өзінің үлесін қосуы тиіс деп есептеймін. Егер олар шынайы күш болса, міндетті түрде президент сайлауына өз үміткерін ұсынса керек. Себебі осындайда адамның барлық жігері, ойлары айқындалады. Әр жерден, әр митингіден, әр газеттен анда-санда өзінің дауысын естіртіп қою - өз алдына, Елбасымен үлкен сайысқа түсу, бәсекелесу - мүлдем басқа әңгіме. Өйткені оған үлкен ерік-жігер, күшті ұйымдастыру жұмыстары керек», - деп пікір білдірген.
***
«Әдеттегі Мәжілістің дәстүрлі сәрсенбілік басқосуында 28 депутат биліктің басқа тармағына сауал жолдады. Тағы да сол әдеттегідей, 28-дің алтауы ғана таза мемлекеттік тілде сөз саптаса, қалғаны орыстың тілімен қалаулылар отырысының «сәнін» кіргізді», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөмірінде жарияланған «Болашақтың» «бұрандасы» неге босап барады?» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған депутат Сағынбек Тұрсыновтың алға тартқан деректері бойынша, 17 жылдың ішінде әлемнің ең үздік оқу орындарында 3 мыңға жуық қазақстандық білім алып, маман атанды. Оқуын жалғастырып жатқан 4 мыңнан астам азамат бар. Алайда соңғы уақытта осы бағдарлама арқылы мемлекет қаржысымен елге оралған жастардың жұмысқа орналасуы түйінді мәселеге айналып отыр. Мәселен, ресми деректерге сәйкес «екі қолға бір күрек» таба алмай жүрген «болашақтықтың» саны 400-ден асады. Ал кейбір ақпараттар бойынша әлгі шетелдің жоғары оқу орнын тамамдаған жұмыссыздардың саны 600-ге жетіп жығылады екен.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтановпен арадағы сұхбат «Саясат сахнасына бекініп шыққан партияның қамсыз жатуын қоғам құптамайды» деген тақырыппен берілген. Газет тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген сенатор: «Бізге ешқандай да мемлекет қайсыбір мәселеге қатысты «мынаны былай істе, бұл емес, ана жолмен жүр» деп тікелей нұсқау бере алмайды. Бірақ ондай нұсқау бере алмайды екен деп, Қазақстан да дүниежүзілік қауымдастықтың пікіріне бейжай қарамасы анық. Қазақстан - дүниежүзілік қоғамдастықтың міндетті түрдегі бір мүшесі. Біздің елде қабылданған халықаралық бастамалардың сырттағы жұрттан қолдау табуына өзіміз де ықыластымыз», - дейді.
***
«Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Glencore International AG» компаниясының бас директоры Айван Глайзенбергті қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Әңгімелесу барысында бірқатар екі жақты ынтымақтастық мәселесі талқыланған. «Кездесу кезінде біз «Glencore» компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобаларын, елде біздің қызметіміздің аясын кеңейту мәселесін талқыладық. Жақында біз «Қазмырыш» АҚ кәсіпорнына мыс қорыту жабдықтарын орнатып, 850 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарттық. Жабдықтар осы жылдың наурызында іске қосылады. Бұдан бөлек, біз «Алтынтау» алтын карьерін зерттеу мәселесін талқыладық. Компания карьерге 657 миллион доллар көлемінде инвестиция тартып отыр. Қазір карьердің қуаты 70 пайызды құрайды, ал сәуірде ол 100 пайызға дейін жетеді», - депті А. Глайзенберг журналистерге арналған брифингте.