Саясатқа қатысы жоқ: СІМ көкпардағы дауға қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Қыркүйекте елімізде өткен дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында көкпардан Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды, екінші орынға қырғыздар тұрақтады. Ойын барысында екі жақ арасында келеңсіздік туындап, бұл мәселе әсіресе желіде кеңінен талқыланды. Осы орайда Сыртқы істер министрлігінен аталған фактінің екі ел арасына сызат түсірмеді ме, - деп сұраған едік.

кокпар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

«Қырғызстан – бізге бауыр ел. Жарыс бойынша қандай да бір түсініспеушілік туындаса, ол тек спортқа қатысты, саясатқа қатысы жоқ. Қазақстан мен Қырғызстанның дипломатиялық қарым-қатынасына әсер етпейді. Біз ғасырлар бойы көрші елдерміз, солай болып қаламыз», - деді ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ өкілдерінің сауалына. 

Ресми өкілдің пікірінше, қырғыздар эмоцияға берілді, оның әбестігі жоқ. 

Еске сала кетсек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті көшпенділер ойындарында Қырғызстан құрамасының көкпаршысына ҰҚК қызметкері қысым көрсеткенін жоққа шығарған еді. 

«ҰҚК қызметкерлері 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан жоқ», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар