Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу біздің елдерімізді жақындастырады - Литва Республикасының ҚР-дағы елшісі

«Біз, Литва мен Қазақстан - географиялық жағынан алыс жатқан елдерміз. Бірақ бұл саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу біздің елдерімізді жақындастырады. Және бұл - біздің мемлекеттер саясатының маңызды бөлігі», - деп айтып өтті Рокас Бертонас Қарағанды облысы Спасск мемориалды кешенінде өткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиын кезінде.
«Литва Қазақстан аумағында отандастарына көп ескерткіштер орнатқан. «Олар АЛЖИР-де де, осы Спасскіде де, Балқашта, Кеңгірде және тағы басқа жерлерде бар», - деп нақтылап өтті дипломат.
Оның сөздеріне қарағанда, Қазақстан жерінде жерленген литвалықтардың нақты санын айту қиын. «Долинка мұражайының мәліметтеріне қарағанда, литвалықтар сотталғандар саны бойынша төртінші орында болған. Литваның кішкентай мемлекет екендігін ескерсек, олай болса, халықтың көпшілігі осы жаққа айдалған. Бізде геноцид пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттейтін орталық пен мұражай бар. Ол жерде әр оныншы литвалық зардап шеккен деген дерек бар. Ойлап қарасақ, бұл 100 мыңға жуық адам болып шығады», - дейді Р. Бертонас.
Оның айтуынша қуғын-сүргін әр литвалық отбасына әсер етті. Елшінің туған нағашысы Сібірге жер аударылған екен.
«Біз қазақтарға бізді, литвалықтарды қабылдап, көмек көрсеткендері үшін өте ризамыз. Көпшілігіне бұл жер туған жерден кем емес. Қазір Қазақстанда 7 мыңға жуық литвалық тұрады», - деп атап өтті Р. Бертонас.