Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың себебін ұрпаққа ұғынықты жеткізе білуіміз керек
«Өткен ғасыр қазақ халқы үшін өте ауыр тиді. Әсіресе, ғасырдың басындағы екі үлкен зұлматты тарихи тұрғыда зерттеп, ұрпақтарымыздың алдында бұл нәубет жайында мағлұмат беру үшін осындай конференциялардың орны ерекше. Осы орайда бұндай зұлматтың қайталануына жол бермес үшін, оның түп-төркінін, себебін ұғынықты жеткізе білуіміз керек», - деді Б. Тілепов.
Осы екі зұлматтың салдарынан миллиондаған адамдар құрбан болғанына тоқталған ол, «ашаршылық шын мәнінде табиғаттың қалауынан емес, сол кездегі солақай саясаттың жалауымен болған оқиғалар. Сондықтан осының барлығының атын атап, түсін түстеп ғылыми тұрғыда көтеріп, тарихи бағасын беру мақсатын қойып отырмыз», - деді.
Ресми мәліметтер бойынша, зұлмат жылдары Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Ғалымдардың мәліметінше, аштықтан Қазақстан даласында көз жұмғандардың саны ғана 3,1 млн. адамнан асып кетеді.
Айта кетейік, 2014 жылғы 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Астанада бірқатар қоғамдық-саяси шаралар өткізу жоспарланып отыр. Осы күні сағат 11.00-де Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мұражай-мемориалды кешенінде «Еске алу қабырғасына» гүл қою рәсімі және еске алу митингісі өтеді. Сонымен қатар, ертең сағат 15.00-де «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» Монументіне (Абай және Республика даңғылдарының қиылысы) гүл қою рәсімі өтеді.