Саяси қуғын-сүргінмен қатар аштық құрбандарын да ұмытуға болмайды - В.Иночкин
Оның айтуынша, Қазақстанда саяси қуғын-сүргінге 103 мыңдай адам ұшыраса, соның 25 мыңы атылған. Батыс Қазақстан облысында жалаға 4 мың адам іліксе, соның 1330-іне өлім жазасы кесілген. Зерттеушілердің пайымдауынша, елімізде өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында байларды тәркілеуден басталып, отызыншы жылдардың басындағы аштыққа ұласқан кезеңде мерт болғандар саны 1 млн. 750 мың немесе 2,2 млн. шамасында. Демек, аштықтың әсерінен құрбан болғандар анағұрлым көп. Сондықтан 31 мамырды саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні деп атап өтсе, ел басына түскен қайғы-қасіретті толығырақ қамтыр еді. Екінші мәселе, 2001 жылы облыста «Азалы кітап» жарық көрді, алайда оған тек атылып кеткендер ғана енгізілді. Енді саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың бәрінің басын қосып, қайтадан жинақ шығарса, дұрыс болар еді.
Мұрағатшы пікірін тарихшы-ғалым, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова қолдады. Ол сонымен қатар саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай ашу, Бутырка түрмесінде отырып, атылып кеткен Алаш арыстарының басына белгі орнату мәселелерін де қозғады.
«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің атап өткеніндей, кейінгі кезде облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері редакцияларында қызмет істеп, отызыншы жылдар зобалаңына іліккен тұлғаларды зерттеу қолға алынды. Белгілі журналист Қазбек Қабжанов бастаған топтың іздестіру жұмыстары нәтижесінде облыстық газетте басшылық қызметтер атқарып, «халық жауы» атанып, атылып кеткендердің, соның ішінде алты редактордың есімдері анықталып отыр. Айталық, жазықсыз жазаланғандардың ішінде басылымға адал қызмет еткен Халел Есенбаев (қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің алғашқы редакторы), Ахмет Мәметов (қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың әкесі), Нұғман Манаев, Әбдірахман Байділдин, Рахым Сүгіров, Батырбек Әлжанов, Сәтбек Иманқұлов, Медеш Оралдиев, Елжас Бекенов, Ізбай Қошанов жане "Приуралье" газетінің бастауында тұрған "Яицкая правда" газетінің редакторы Иван Ульянов секілді қайраткерлер болған. Осы шараға Б.Әлжанов пен С.Иманқұловтың ағайындарының ұрпақтары Бейбіт Әлжанов пен Жеңсікбай Бейісов қатысып, естеліктерімен бөлісті. Соңғы кезде Батыс Қазақстандағы баспасөз тарихына байланысты басқа да тың деректер табылуда. Өткен жылы «Қос газеттің тарихы» атты кітап жарық көрген болатын. Алдағы уақытта бұл жинақ толықтырылып, қайтадан басылатын болады.