Саяси партиялар облыс әкімдерін партияға мүше болудан шектеуге қарсы – Алма Мұқанова

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде облыс әкімдерін саяси партияға мүше болудан шектеу туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәжіліс депутаты Азат Перуашев облыстағы әкімдер де ешбір партияның құрамында болмау керек деген ұсыныс айтып жүр. Сіздің ойыңызша, бұл қаншалықты әділ», - деп сұрады журналист.

Вице-министрдің айтуынша, бұл мәселе әлі талқылануы керек.

«Президент Жолдауына қарасақ, саясат пен мемлекеттік қызмет бір-біріне тым жақын болмау керектігі туралы айтылған. Әкімдер бойынша айтсақ, Жолдауда партияның лауазымды тұлағалары өз жұмысын әкімдік жұмыспен бірге жүргізбеуі керек деп айтылған. Қазір біз пысықтап жатқан заң жобада осындай түзетулер қарастырылып жатыр. Бірақ бізде партия ұсынған, партияның мүшесі болып тіркелген әкімдер бар. Партиялармен осы мәселе бойынша тиісті кездесулер өткізген болатынбыз. Мәселен, қазіргі таңда әкімнің өз орнын босатуының бір негізі партия құрамынан шығу болып табылады. Партиялардың бұған көзқарасын біліп көрдік», - деді Алма Мұқанова.

Айтуынша, партиялар әкімдерді өз қатарынан шығаруға қарсы.

«Олардың ұстанымы бойынша әкім саяси партияның бағдарламасын пайдаланып шыққан тұлға болып есептеледі. Сондықтан олар әкім партия мүшесі болып қала алуы керек. Бұл норманы пысықтап жатырмыз. Өйткені біз тек өз көзқарасымызбен ғана шешім қабылдай алмаймыз. Саяси партиялардың пікірін осы норманы пысықтау кезінде міндетті түрде ескереміз», - деді вице-министр.

Аталған брифингіде «Намыс» партиясын тіркеу мәселесі қаралып жатқаны да айтылды .


Соңғы жаңалықтар