Саяси жүйені жаңғырту: Демократиялық реформалар жалғаса бермек

реформа
Фото: Kazinform

Бір жыл бұрын елімізде президент сайлауы болып, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болып сайланған болатын. Бұл өте маңызды саяси оқиға еді. Өйткені осы сайлаудан еліміздің барлық саяси жүйесін жаңғыртқан науқандар кезеңі басталды. Бір жылда Парламенттің екі палатасына, барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өтті. 2019 жылдан бері Президент жүзеге асырып келе жатқан ауқымды әрі жан-жақты реформалар жалғасын тауып келеді, әлі де жалғаса бермек. Осыған орай Kazinform сараптамашысы Мемлекет басшысының жүзеге асырған елеулі реформалары жайлы шолу материал дайындады.

Жүйені жаңғырту жолы неден басталды?

2022 жылғы 20 қарашадағы саяси бәсеке - Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен екінші президенттік сайлау. Біріншісі 2019 жылдың 9 маусымында өтті. Былтырғы сайлау қарсаңында ол «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын ұсынған еді. Жалпы Мемлекет басшысы президент болып сайланған алғашқы күнінен бастап елді саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын жүзеге асыруда.

Елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр. Дегенмен саяси жаңғыртуды қысқа мерзімде жүзеге асыру мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Ол уақытты қажет ететін жүйелі өзгерісті қамтиды. Сондықтан трансформациялар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Әрбір кезеңде саяси реформалар жүзеге асырылып, белгілі бір кезеңде одан әрі реформалар үшін тұғырнама жасауға арналған тиісті заңдар қабылданады.

Соңғы 4 жылда елде өте терең және тұрақты өзгерістер болды. Мемлекет басшысы мемлекет өмірінің түрлі салаларындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден бастады. Саяси реформалардың төрт пакеті шеңберінде 20-дан астам заң қабылданды, бұл демократияландырудың жаңа үдерісін бастауға мүмкіндік берді.

Конституцияға енгізілген негізгі өзгерістер

Былтыр ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Ата заңға бірқатар өзгерту енгізілді. Жай конституцияға өзгерістер енгізіліп қана қоймай, ол халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум арқылы қабылданды.

Референдум
Инфографика: Kazinform

 

Бұл – Қазақстанның саяси аренасындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өтіп, сол кезде қолданыстағы Конституция бекітілген еді. Осылайша Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Мемлекет басшысы 16 наурыздағы Жолдауында бұған дейін елімізде суперпрезиденттік басқару формасы қалыптасқанын атап өтіп, бұдан былай Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертіп, Парламенттің рөлін күшейту қажеттігін айтқан еді. Осылайша, еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алды. Сонымен қатар президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынған болатын. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бүгінде Мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше емес. Мұндай норманың енгізілуі саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайтыны анық.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салуды ұсынған еді.

Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында елімізде Конституциялық сот құруды ұсынған еді. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болды. Конституциялық сот 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз қызметін бастады.

Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша сайланды. Былтыр Президент халықтың сайлау науқанына деген қызығушылығы төмен екенін, депутаттарды танымайтынын айта келе аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Мәжілістің депутаттық корпусы мынадай схема бойынша құрылатын болды: 70% пропорционалды және 30% мажоритарлық негізде. Сонымен қатар, аралас модель облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауына да енгізілді. Бұнда депутаттардың жартысы бір мандаттық округтардан, қалған жартысы партиялық тізім бойынша сайланады. Ал аудандар мен қалалардағы мәслихат сайлауын Президент толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынған еді.

Айта кетейік, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын.

Тоқаев
Фото: Ақорда

 

Кейін сол жылғы 20 қарашада сайлау өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 80 %-дан астам дауыс жинап, ел президенті болып сайланды. 2023 жылғы 14 қаңтарда елімізде Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтті.

Ал биылғы 19 наурызда Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Осы сайлауда жоғарыда атап өткен аралас модель қолданылды.

Аудан әкімдерін сайлау – Орталық Азиядағы тың тәжірибе

Елімізде тұңғыш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда бұл науқан қанатқақты режімде басталатынын мәлімдеген болатын. Ауыл әкімдерін сайлау 2 жылдан бері өткізіліп келеді (содан бері 1700-ге жуық әкім сайланды).

Аудан әкімдерінің сайлауы қоғамда зор қызығушылық туғызды. Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметке сүйенсек, облыстардың мәслихаттары осы сайлауды өткізу үшін 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың тізбесін бекітті. 1 553 сайлау комиссиясы: 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1 491 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды. Сайлау балама негізде өтті. Сайлау бюллетеньдеріне 125 кандидат енгізілді. Саяси бәсекеге қатысып, таңдауын жасағандар саны 62,79 пайызды құрады. Сайланған әкімдердің орташа жасы - 46,7 жас. Науқан республиканың сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өтті. Дауыс беру күні кандидаттардың 8 500-ге жуық сенім білдірілген адамы, байқаушы мен БАҚ өкілі сайлау барысын бақылады. Өткен сайлау - Орталық Азия аймағындағы алғашқы осындай саяси тәжірибе. Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары өңірдегі саяси жаңғырту ісінің жаңа бағдарын айқындауда.

Президент Әкімшілігінің құрылымы өзгерді

Мемлекеттік аппаратты демократизациялау мен елдегі дебюрократизация процестеріндегі маңызды қадам – Президент Әкімшілігіндегі құрылымдық және кадрлық өзгерістер болды. 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымын қайта құру туралы Жарлыққа қол қойған еді. Құжатқа сәйкес, Президент Әкімшілігінің жаңартылған құрылымына келесі лауазым иелері кірді:

  • Президент Әкімшілігінің Басшысы;
  • Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы;
  • Президент Кеңсесінің Бастығы;
  • Президенттің көмекшілері;
  • Президенттің кеңесшілері;
  • Президент Әкімшілігінің бөлімдері.

Сондай-ақ Жарлыққа сәйкес:

  • ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері бойынша;
  • экономикалық мәселелер бойынша;
  • халықаралық мәселелер бойынша;
  • құқықтық мәселелер бойынша;
  • ғылым және инновация мәселелері бойынша Президенттің көмекшілері лауазымдары енгізілді.

Айта кететін жайт, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарлары лауазымдары жойылды. Оған қоса Президент Әкімшілігінің төрт бөлімі қысқарды.

Еліміздің кадрлық әлеуетін ашатын бастама

Биылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталды. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2023 жылдың 1 қыркүйек – 25 желтоқсан аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша резервке үздік 50 үміткер іріктеледі. Резервте болу мерзімі – 3 жыл. Осы кезеңде резервшілер конкурстық іріктеусіз әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.

Президенттік жастар кадр резерві – еліміздің өркендеуіне үлесімді қоссам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Бұл бағдарлама алғашқыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында атап өтілді. Бұған дейін елімізде екі рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өткені белгілі. 2019 жылы 300, ал 2021 жылы 50 жас кадрлық резервке алынды. Осы 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді. Яғни жалпы санның 75 пайызы жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Мәжіліс Парламенті және 2 резервист мәслихат депутаты болып сайланды.

Қорыта келе, бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесін өзгертіп қана қоймай, халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс салтына, азаматтық қоғамның қалыптасуына оң әсер етері сөзсіз. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді деп сенеміз.

Соңғы жаңалықтар