Саяжайды «тұрғын үй» деп тану қажет пе? - баспасөзге шолу
"Егемен Қазақстан" газетiнiң бүгiнгi санында "Мәңгілік Ел мәйегі - ғылым мен білім" атты мақала жарияланды. Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы дәстүрлі Жолдауындағы әлеуметтік дамудың 7 стратегиялық қадамдарының барлығы да өте маңызды. Соның ішінде, Мемлекет басшысы заман үрдісін толығымен пайымдай келе келешектің кілті кемел білім мен сол білімді кемелдендіретін ұлы күш ғылым екендігіне өте үлкен маңыз берген. Осы мәселелер жайында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Зада Дүкенбаева көлемдi материал арнап отыр.
"Бетін әрман қылсын, бірақ еліміздің әлдебір өңірінде «төтенше жағдай» жариялана қалса, оны жоюға тартылатын ішкі істер органдары қызметкерлеріне жоғары еңбекақы төленіп, жеңілдіктер жасалатын болады", - деп жазады "Айқын" басылымы "Полицейлердiң әлеуметтiк пакетiнде не бар" атты мақалада.
Газеттiң хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жоғарғы палатаның кешегі жалпы отырысында сенаторлар «Қазақстанның ішкі істер органдары туралы» жаңа заңның жобасын қарай келе, оған өз өзгерістерін қосып, Мәжіліске қайтарды. Егер Төменгі палата түзетулермен келіссе, құжат қол қоюы үшін Елбасыға жолданады.
"Ел Үкіметі саяжайды «баспана» деп танудан бас тартып отыр", - деп хабарлайды тағы бiр материалында республикалық "Айқын" газетi.
Материал авторының айтуынша, бұған дейін Мәжілістің бірқатар депутаттары «дачаларды» да уақытша емес, тұрақты тұруға жарайтын үй ретінде бекітуге тырысқан көрiнедi.
Осы мақсатта олар Үкіметтен келіп түскен тұрғын үй қатынастары заңына өзгерістер ұсынды. Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының кешегі отырысында осы ұсыныс айналасында қызу айтыс-таластар жүрді. Кейбір қалаулылар, тіпті билікті халықтың осы бөлігін ашындырмауға да шақырып бақты.
"Мәжіліс қарауға алған «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын заңның жобасында баспананың не екендігіне анықтама беріледі. Онда тұрғын үйге - жеке үй, пәтер, жатақханадағы бөлме жататындығы нақтыланады. Ал Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Нұрлан Жазылбеков осылар қатарын «соның ішінде саяжайлық, бау-бақшалық учаскелерде (садоводческий участок) орналасқан жеке үй» деп толықтыруды ұсынады", - делiнген "Саяжайды "тұрғын үй" деп тану қажет пе" атты мақалада.
"Түркiстан" газетi қазақтың ұлттық спорты - қазақша күрес жайында, оның дамуы турасында ой қозғайтын мақала жариялап отыр. "Азия қазақ күресiне қол соқпақ" атты мақалада қазақ спортының әлемдiк аренадағы беделiн арттыру бағытындағы жұмыс туралы да тұшымды мәлiметтер келтiрiледi.
"Алайда, бұқара арасында насихатталуының аздығынан ба, әлде сайыстар қатарында қазақ күресінің көріне бермейтіндігінен бе, әйтеуір ұлттық спорт ойынына деген қолдау кемшін сияқты көрінетін. Бірақ ұлттық спортқа жанашыр азаматтардың арқасында қазақ күресінің бағы қайта жанып келеді. Қазақ барда, қазақ күресі өле ме?! Әрине, жоқ! Қуаныштысы сол, бүгінгі таңда да еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық қазақ күресінің тамырын үзбей жүрген балуандар баршылық екен. Олар былайғы жұртқа аса танымал бола бермесе де, өз жерінде, өз ауылында «Түйе балуан», «Піл балуан» деген аса мәртебелі атақтың иесі! Айтыңызшы, осыдан екі-үш жыл бұрын Тараз қаласының атақты балуаны Бейбіт Ыстыбаевты кім танитын еді?! Шығыс Қазақстан облысына танымал Шалқар Жоламанов пен Айбек Нұғымаровты ше? Қызылорданың атын шығарып жүрген Ұлан Рысқұлды кім білген? Ал, қазір бұл балуандарды еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі. Тіпті, Астанада екі мәрте дүбірлетіп өткізген балуандардың белдесуіне жиналған халықтың санында есеп болмады. Ол ол ма, көгілдір экран алдында қаншама жанкүйер жеті-сегіз сағат бойы тырп етпестен отырды десеңізші... Міне, қазақ күресінің құдіреттілігінің бір көрінісі!", - делiнген материалда.