Сәйгүлік, киіз үй һәм домбыра – қазақ мәдениетінің рәміздері Словакияда
ШАМОРИН. ҚазАқпарат - Словакияның «Farrier’s Arena Polo Cup» атүсті поло біріншілігі аясында ҚР Елшілігі ұйымдастырған «Ұлы Дала Рәміздері» этнографиялық экспозициясы сәтті өтті.
Қойылым орны кездейсоқ емес, себебі атүсті поло өз бастауын көшпенділердің көне ойындарының бірі - көкпардан алады.

Киіз үй айналасындағы экспозицияда – жылқы және мал шаруашылығы, киіз үй тігу өнері, домбыра тарту өнері секілді қазақтың ежелгі қолөнеріне қатысты ақпараттық стендтер қойылған.

Көрменің словак келушілері көшпенділердің метал балқытуды, арба дөңгелегін, садақ пен жебе жасауды тарихта алғаш болып үйренгенін білді.

Экспозиция қонақтары киіз үй тарихымен, оның жабдықтарымен және ЮНЕСКО дүниежүзі материалдық емес мәдени мұрасының қатарына жататын бірегей жасалу шеберлігімен танысты.

Алғаш рет Алатау бөктерінде өсірілген, Қазақстанның табиғи символдары - алма мен қызғалдақтарға бөлек стенд қойылған.
Экспозицияның орталық орны Дешті Қыпшақтың атақты ұлы, ортағасырлық Мысыр мен Сирияның ұлы билеушісі Сұлтан әз-Зәкір Бейбарысқа арналған.

Ұлттық домбыра күніне орай жас домбырашы Әмина Маманова, халық бишілері Үмида Болатбек пен Дайана Чурдың өнерлері көрсетіліп, домбыра өнерінің қайталанбас тарихынан сыр шертетін буклеттер мен қазақтың таңдамалы күйлері жинақталған дискілер таратылды.
Астана күніне арналған фотокөрме де Словакия жұртшылығының үлкен қызығушылығын тудырды.



