Сайын далаға сыр: Кейкі батыр кесенесі
Кейкі батыр кесенесі Амангелді ауылына апарар жол бойында орналасқан. Кесене далалықта менмұндалап тұр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Кейкі батыр – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы, халық батыры, ел қорғаны. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Айбек Шалғымбековтің айтуынша, Кейкі батыр (Нұрмағанбет Көкембайұлы) 1871 жылы Тоғай уезі, қазіргі Қостанай облысы аумағында өмірге келген. 1923 жылдың көктемінде оны жұбайымен және інісімен бірге өлтіріп кетті. Олардың денесі табылмады. Адамдар бойыны үрей мен қорқыныш үйірту үшін басын Торғайдағы алаңға іліп қойды, кейін Орынборға, Санкт-Петербургке жіберілді. Сол жақтағы кунсткамерада «атақты қырғыз қарақшысының бассүйегі» деген жазумен сақталады.

- 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында жүргізілген ғылыми эспедицияға қатысуға мүмкіндік туды. Сол кезде біз Қостанай облысының киелі жерлерін араладық. Жергілікті өлкетанушылар Кейкі батырдың туған жерін, ол жасырынған аумақты, денесі жерленген жерді көрсетті. Зерттеушілер үшін осы деректі нақтылау және сақтау қажет болды. Оның бас сүйегін елге әкелу бірнеше ұрпақтың арманы еді,- деді тарих ғылымдарының кандидаты.

Қазақстандық ғалымдар, жазушылар, қоғам қайраткерлері батырдың бассүйегін елге қайтару туралы жазып, айтты. 2016 жылы үкіметаралық келісімнен соң батырдың бассүйегі елге жеткізіліп, кейін Венгрияға антопологиялық сараптамаға жіберілді. Мамандар бассүйектің батырға тиісілі екенін дәлелдеп, кейін түр-сұлбасын жасап шықты. Зерттеу кезінде басына 7 рет қатты соққы тигені дәлелденді.

2017 жылы батырдың бас сүйегі Торғай-Арқалық тасжолы маңындағы мемориалдық кешенге жерленді. Кейкі батыр кесенесі ашық түсті кірпіштен қаланып, күмбезіне жарты ай қойылды. Ішіне енген адам қызыл түсті гранит тастан жасалған белгіні көреді. Кешен айналасы темір қоршаумен қоршалған.
Кешен Кейкі батыр ұрпақтары ғана емес, күллі қазақ елі тәу етер орынға айналды. Қазақстанның киелі орындар картасына енді. Мұнда зерттеушілер, туристер де келеді.

Kazinform бұған дейін Түркістан-Сібір теміржолы туралы жазды. Деректерге сүйенсек, Түрксібтегі негізгі жүктер транзитпен, мысалы Семейден Арысқа дейін бағытталып отырған.