САЙЛАУ-2015: Астанада ҚР Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевты қолдау жөнінде форум өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 26 наурызда елордалық «Дәулет» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау форумы өтті.
None
None

Шара сайлау науқанының үгіт кезеңін бастап берді.

Форум қатысушылары - Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың Республикалық қоғамдық штабының, Астана қалалық қоғамдық штабының мүшелері, халық сенген өкілдері және саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламенті мен Астана қалалық мәслихатының депутаттары, жастар белсенділері, спортшылар, сондай-ақ бизнес өкілдері болды.

Шараға ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева, жетекші саяси партиялардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, «Жас Отан» жастар қанаты астаналық филиалының көшбасшысы Салтанат Әли және басқалар қатысты.

«Қазақстан Республикасының негізін қалаушы және Тұңғыш Президентінің арқасында біз тәуелсіздік жылдарында ғасырларға тең жолдан өттік! Біздің Ұлт Көшбасымыздың арқасында барлық қазақстандықтар бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Біздің Елбасымыздың арқасында біз күшті, гүлденген, бәсекеге қабілетті, бүкіл әлемде құрметпен аталатын мемлекет құрдық! Біздің Президентіміздің арқасында турбуленттілік жағдайында біз қоғамымыздың саяси, экономикалық, әлеуметтік салаларын ойдағыдай жаңарттық. Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында елімізде бірегей «Стратегия-2050» жасалды, онда мемлекетіміздің стратегиялық мақсаттары мен бағдарлары жіті де айқын көрсетілген. Назарбаевтың арқасында біздің еліміздегі, сондай-ақ әр отбасындағы экономикалық өсім мен игіліктің дұрыс жолы - «Нұрлы жол» бағдарламасы жасалды. Сондықтан да мен бұдан дәл бір айдан кейін бүкіл қазақстандықтар сияқты, осы форумға барлық қатысушылар, Қазақстан Республикасы деп аталатын туған Отанымыздың болашағы, өз балалары мен немерелерінің болашағы, әр отбасының игілігі үшін, мемлекетіміздің гүлденуі үшін, бейбітшілік пен тұрақтылық үшін сайлау учаскелеріне келіп, өз дауыстарын беретініне кәміл сенімдімін. Мұның барлығына әлемдік өркениет шыңына жетелеп келе жатқан Ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қана бізге кепілдік бере алады. Ұлт Көшбасшысымен бірге, жаңа жеңістерге қарай, қымбатты достар!» - деді ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Астанадағы жақтаушылар форумында сөйлеген сөзінде.

Шараға қатысушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы 2015 жылғы 26 сәуірде өтетін сайлауда қолдауға әзір екендіктерін білдірді.

Форум барысында сайлауалды науқан аясында бүгін үгіт жұмыстары басталғаны атап өтілді. Астана қаласының өзінде ғана кандидаттың 600-ге жуық халық сенген өкілі жұмыс істейді.

Бүгін сондай-ақ бүкіл елде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың 224 қоғамдық қабылдау бөлмесі өз жұмысын бастады. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің ашылуына ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысты.

Қоғамдық қабылдау бөлмелері 2015 жылдың 24 сәуіріне дейін жұмыс істейді. Оларды беделді қазақстандықтар - «Нұр Отан» партиясының белсенділері, Ардагерлер кеңесінің төрағалары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпорындар мен ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ қоғамдық бірлестік өкілдері басқаратын болады.

Қоғамдық қабылдау бөлмесінің негізгі міндеттері азаматтардың тілек-ниеттері мен ұсыныстарын қабылдау, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды тұғырнамасын насихаттау және сайлау заңнамасын түсіндіру болып табылады.

Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н. Назарбаевтың 600-ге жуық сенімді өкілі дүйсенбі-жұма аралығында сағат 9-дан 19.00-ге дейін, сенбі күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін сайлаушыларды қабылдау жүргізеді.

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың Республикалық қоғамдық қабылдауы Астана қаласы, Кенесары көшесі, 25 мекенжайы бойынша «Нұр Отан» партиясының ғимаратында орналасқан.

Республикалық қоғамдық қабылдау жұмысының алғашқы күнінде Мұхтар Құл-Мұхаммед бірқатар азаматтарды қабылдады.

Республикалық қоғамдық штаб басшысы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметі «Нур Отан» партиясының XVI Съезінде Н.Ә.Назарбаев ел алдына жүктеген 5 негізгі міндетті табысты жүзеге асыруда елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның тағдыры республиканың әр азаматына байланысты екенін айтқаны кездейсоқтық емес. Қоғамдық қабылдаулар қазақстандықтарға еліміздің нығаюына және дамуына атсалысуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Республикалық қоғамдық штаб басшысы азаматтардың ең қызықты ұсыныстары Н. Назарбаевқа міндетті түрде жеткізілетіндігін айтты.

Соңғы жаңалықтар